Porsche-нің саудасы бітті: тағы бір әйгілі бренд Қытай автонарығына тұрақтай алмады

2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қытайда Porsche-нің автокөлігінің саудасы 42%-ға төмендеді. Осының өзі Қытай нарығында шетел автомобильдеріне орын қалмай бара жатқанын аңғартты.
Porsche-нің өзін қытайлар алмайды
Биыл Шанхай автосалонында шетелдің автоөндірушілері Қытай нарығында өткір мәселеге тап болды – отандық арзан әрі әдемі өнімдеріне үйренген қытайлар басқа елден келген қымбат көліктерді алмай жатыр.
Әлемнің ең ірі автогиганттарының өзі кейінгі жылдары нарықтағы орнын қытай брендтеріне босатумен келеді. Өйткені жергілікті өнімдер жоғары бәсекеге төтеп бере алатын жағдайға жетті.
Немістің Porsche автокөлігі ондаған жылдар бойы премиум-класстағы ең ықпалды әлемдік бренд саналып келді. Соның өзі Қытайдағы бәсекеге төтеп бере алмады. Reuters мәліметінше, биыл алғашқы тоқсанда неміс көлігінің саудасы 42%-ға түсіп кетті. Төрт жыл бұрын бұдан үш есе көп көлік сатылған.
«Porsche автокөлігінің Қытайда шаруасы бітті», — деп мәлімдеді Sino Auto Insights консалтинг компаниясының негізін қалаушы Ту Ле агенттікке.
Жағдай мәз емес. Автоөндіруші акциялары қаржы нарығына кіргелі бері 44%-ға, ал биыл ғана 21%-ға арзандаған. Қытайда Porsche үш жыл қатарынан дұрыс сатылмай жатыр.
Топ-менеджер жеңілгенін мойындамайды
Volkswagen мен Porsche-нің бас директоры Оливер Блюм өнім өтпей жатқанын жоққа шығаруға тырысты. Ол осы аптада Шанхай автосалоны алдында VW және Audi модельдерін таныстырған.
«Бізді сауда көлемі қызықтырмайды», – дейді Блюм. Топ-менджер Porsche-ге лайық жоғары бағаны сақтап қалуды көксейді.
Блюм өз өнімінің Xiaomi және Yangwang секілді қытай брендтерімен тікелей бәсеке екеніне сенгісі келмейді.
«Жақсы көліктер, бірақ олар Porsche-нің жүрісіне теңесе алмайды. Сосын олар әлдеқайда төмен баға сегментінде орналасқан», – дейді бас директор.
Топ-менеджердің айтуынша, компания Қытайда электромобиль сатудан толық бас тартуы мүмкін. Қазір Porsche осы елді Taycan және Macan электрокарларын саудаға қойған. Ал Қытайда жаңадан саталыған автокөліктердің жартысынан астамы электромобиль немесе гибрид.
Салыстырар болсақ, былтыр жергілікті Xiaomi өз елінде 137 мың SU7 өнімін сатқан. Ал бұл уақытта Porsche Қытайда 57 мың автомобильді әзер өткізген.