
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың 17 жастағы ұлы Адам республика қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындалды. Мәлімет кеңестің баспасөз қызметінің телеграм-арнасында жарияланды.
Адамның бұл қызметке нақты қай күні тағайындалғаны әзірге белгісіз. Бірақ ресми арнада оны алғаш рет осы қызметте 21 сәуірден бастап таныстыра бастаған.
2023 жылғы қарашада Адам Қадыров Шешенстан қауіпсіздік қызметінің басшысы қызметіне тағайындалған. Ол кезде Қадыровтың ұлы бар болғаны 15 жаста еді.
Адамның мемлекеттік сыйлықтары өте көп. Ол Шешенстан Республикасының батыры атанып, Қадыров орденін алған.
2025 жылғы наурыздың аяғында оны Ресей ІІМ өңірлік бөлімінің кураторы қызметіне тағайындаған.
Кәмелет жасқа әлі толып үлгермеген Адам осымен алты қызметті атқарып үлгерді. Ол әкесінің қауіпсіздік қызметін де басқарып жүр.