Chery жаңа гибридті Tiggo 9L кроссоверін таныстырды

Жарияланды 24 Сәуір 2025 16:01

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Chery Tiggo 9L марка мен суббрендтер топтамасындағы кроссоверлердің барлығынан үлкен / Фото: «Китайские автомобили»

Chery модельдік қатарындағы ең үлкен көлік — жаңа гибридті Tiggo 9L кроссоверін таныстырды. Дизайн және техникалық сипаттамасымен ерекшеленетін жаңа флагман Шанхай автосалонында көрсетілді.

Пішіні мен сипаты

Chery Tiggo 9L моделінің  ұзындығы — 5050 мм, ені — 1960 мм, биіктігі — 1800 мм, дөңгелек базасы — 2950 мм. «Китайские автомобили»  мәліметіне сенсек, аталған модель негізгі марка мен суббрендтер топтамасындағы кроссоверлердің барлығынан үлкен.

Фото: «Китайские автомобили»

Chery Tiggo 9L қандай кроссоверге ұқсайды

Tiggo 9L көлігінің сыртқы келбеті бұрынғыға қарағанда көбірек бұрышты, жапон жол талғамайтын көліктерін, әсіресе Nissan Patrol-ды еске салады. Дегенмен, оның өзіндік ерекшеліктері де бар — жаңа пішіндегі айрықша алдыңғы шамдар және алдыңғы бөлігінде ірі CHERY жазуы бірден  көзге түседі.

Фото: kolesa.kz

Көлік 2 литрлік турбомотор және үш электромотордан (біреуі алдыңғы, екеуі артқы осьте орналасқан) тұратын гибрид күштік құрылыммен жүреді.

Автокөлік бензинді қозғалтқышқа негізделген гибридті жүйемен жабдықталады, қуаты 270 ат күші. Қуат қондырғысының жалпы өнімділігі әзірге жарияланған жоқ. Tiggo 9L толық жетекті нұсқада ұсынылады. Сондай-ақ ,көлікте жасанды интеллект және жартылай автономды басқару жүйесі орнатылған.

Қытайдың Chery  Tiggo 9 кроссовері Қазақстан нарығына сәуір айының басында келген болатын. Брендтің соңғы модельдерінің бірі қазірдің өзінде Қытайда басқа атпен сатылып жатыр.  Қытай нарығында бұл модель Tiggo 8L деп таныстырылған. 

Сондай-ақ оқыңыз