Тоқаев шетелде жүріп арандатумен айналысатын азаматтарға шүйлікті

Қасым-Жомарт Тоқаев елден көшіп кетіп сырттан шабуыл жасайтын және мемлекеттік органдарды бопсалайтындарға шүйлікті. Ел ішінде де арандатумен айналысатындарға да ескерту жасады.
«Күріш пен күрмекті, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен жиіркенішті қорлауды айыра білу маңызды. Заң алдында бәрі тең. Сол себепті біз еліміздегі этносаралық келісім мен бейбітшілікке нұқсан келтіретін кез келген арандатудың жолын кесіп келеміз, бұдан әрі де қатаң тосқауыл қоямыз. Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды», – деді Президент ҚХА-ның XXXIV сессиясында.
Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды…
Тоқаев бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халыққа шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтардың әрекеті екенін айтады.
«Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр. Бүгінде мұны бәрі біледі. Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
Президент жуырда шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері әшкереленгенін де еске салып өтті. Сондай-ақ кейбір танымал қазақстандық грант алушылардың көлеңкелі әрекеттері де белгілі болғанын айтады.
«Қазақстанда проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз. Осындай қисынды әрекеттерімізді халқымыздың басым көпшілігі мен ниеті адал халықаралық серіктестеріміз дұрыс түсінетініне сенімдімін. Идеологиялық өшпенділік – біздің дүниетанымымызға мүлде жат. Дәстүріміз бен құндылықтарымыз, болмысымыз бен өмір салтымыз ұлтымызды біртұтас тарихи-мәдени және саяси қауым ретінде біріктіріп, тұтастығын бекемдейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін 24-сәуірде Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы өтіп жатыр. Биылғы сессияның тақырыбы – «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл». Шараға 1600-ден аса делегат қатысуда. Олардың қатарында депутаттар, өңірлерден келген ассамблея мүшелері, этномәдени және діни бірлестіктердің өкілдері бар.