«Өлім жазасы күтіп тұр»: ауған қазағы азаматтығынан айырылғанын Мәсімовтен көріп отыр

Этникалық қазақ Наджибулла Абдул Халил өзін құқық қорғау органдары Қазақстан азаматтығынан айырғанын, енді өзі және отбасына қауіп төніп тұрғанын айтып шағынды. Астанада өткен баспасөз мәслихатында өзі туған Ауғанстанға депортацияланса, ол жақта өлім жазасына кесілетінін айтады. Абдул Халил бұған істі болған бұрынғы ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің әкесінің қатысы бар деп санайды.
KursivMedia тілшісі мәселенің мән-жайын білді.
Бұрынғы әскери ұшқыш
Наджибулла Абдул Халилдің айтуынша, ол бұрын әскери ұшқыш болған, 1986 жылдан Кеңес Одағына Ауғанстандағы терроризм мен экстремизмге қарсы күресте көмектескен. Сол себепті талибан режимі өзін дұшпан санайтынын айтады. Ал Ауғанстаннан 1993 жылы қашып кеткен.
Әуелі Түрікменстанды паналап, кәсіп жүргізген. 2000 жылы Қазақстанға келіп, Көкшетау қаласын паналаған. Сөзінше, бастапқыда елде тұруға ықтиярхаты болған. Ал 2021 жылы өзіне және отбасы мүшелеріне Қазақстан президенті жарлығы негізінде Қазақстан азаматтығы берілген.
«Көкшетауда 20 жылдан астам уақыт ішінде диірмен кешенінде бидай өсіруге және оны өңдеуге және дайын өнімді шетелге жеткізуге маманданған бірқатар ірі ауылшаруашылық кәсіпорнын құрып, басқардым. Ол жерде тәулігіне 200 тонна ұн өндірілді, 2015 жылы жалпы құны 2 млрд теңгеге бағаланды. Облыста жалпы 200-ден аса адамды жұмыспен қамтып отырдым, бюджетке миллиондаған салық төледім», – дейді Наджибулла Абдул Халил.
Айтуынша, кәсібі дөңгелеп тұрған 2019 жылдың наурызында бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің әкесі Қажымқан Мәсімов кездесуге шақырған. Астанада өрбіген әңгіме барысында бизнесін беру туралы ұсыныс түскен. (Айта кетейік, Қажымқан Мәсімов 2019 жылдың сәуірінде қайтыс болды).
«Кездесуде «не кәсібіңнен бас тартасың, не сенімен менің ұлым айналысады» деп айтқан. Сол кезден бәрі құрдымға кете бастады. Кәрім Мәсімовтің әкесі қайтыс болды, ал оның өзі түрмеде отыр. Бірақ олардың заңсыз әрекеті адамдардың тағдырына әлі әсер етіп отыр. Әкемді салық төлемеді деп айтыптады. Қамауға алды. Бар мүлкімізді, жүргізіп отырған кәсібімізді тартып алды. Әкемді тек 2023 жылы босатты. Ал ол уақытқа дейін барымызды тартып алған еді», – дейді Әлижан Наджибуллаұлы.

Қазақстан азаматтығынан айырған
Наджибулла Абдул Халил Қазақстан азаматтығынан айырылған, ал жақында оның әйелі мен Ауғанстан, Түрікменстанда туған ұл-қыздарына да алдын ала хабарлама келген. Содан кейін олар да бірден Қазақстан азаматтығынан айырылған. Алайда ұл-қызының ішінде тек тұңғышы ғана Ауғанстанда туған, одан кейін екі баласы Түрікменстанда дүниеге келген. Ал қазір үшеуінде де еш елдің азаматтығы жоқ.
«Күмәнді анықтама негізінде полиция инспекторы президенттің 20 жыл бұрын қол қойған жарлығының күшін жойды. Азаматтық беру туралы шешім ІІМ, ҰҚК, Сыртқы істер министрлігінің тексерулерінен кейін қабылданған және Қазақстан президентінің жанындағы комиссияда қаралғаннан кейін ғана берілген», – дейді ұлы Әлижан.
Айтуынша, «күмәнді құжат» деп айтылған анықтамада Наджибулла Абдул Халилдің ұлты қазақ деп емес, ауған деп жазылған. Сондай-ақ Абдул Халилдің 2019 жылы Ауғанстан азаматтығын алғаны көрсетілген. Ұл-қызын да 2019 жылы қос азаматтық алды деген желеумен Қазақстан азаматтығынан айырған көрінеді.
«2000 жылы азаматтық алуға барған кезде өзіңіздің қазақ екеніңізді айттыңыз, бірақ бұл жалған ақпарат екен. Сіз ауған екенсіз, сол себепті азаматтықтан айырамыз» деп айтқан. Ал Ауғанстан аумағында берілген ұлты «ауған» деп көрсетілген анықтама уақытын да тексердік. Ол уақытта әкем Ауғанстанға барған емес. Бұл анықтаманы алуы мүмкін емес. Адам бір елде отырып басқа елдің азаматтығын қалай алады? Ал Ауғанстан азаматтығын алу үшін азамат өзі барып, саусақ іздері арқылы растап, фотоға түсуі керек. Ал анықтамада әкемнің фамилиясы қате көрсетілген, ал ол жердегі фотосы әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған. Сол құжатқа сүйеніп Қазақстандағы мекеме оны азаматтығынан айырып отыр», – дейді Әлижан Наджибуллаұлы.
Баспасөз мәслихаты барысында отбасы 2000 жылы Ауғанстан Ислам Республикасы Елшілігінің Алматыдағы консулдық бөлімі берген анықтаманы да ұсынды. Ол жерде Наджибулла Абдул Халил мен әйелі, үш баласының ұлты қазақ екені көрсетілген. Ал Ақмола облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ризахмет Жанбеков қол қойған құжатта «Ауғанстан Ислам Республикасы ІІМ статистика және тіркеу департаменті статистика бас басқармасының мәліметтері бойынша ауған ұлттық сәйкестендіру карточкасында азаматтың ұлты «ауған» деп көрсетілген», деп жазылған.

Мәсімовтердің не қатысы бар?
Наджибулла Абдул Халил мұның бәрінің артында Мәсімовтер тұр деп санайды. Алайда қолында оған нақты дәлелі жоқ.
«Қажымқан Мәсімовпен кездескен кезде Көкшетаудағы элеваторды тегін беруімді, оған көнбесем ұлының ҰҚК төрағасы екенін айтып, ісі менімен болатынын жеткізді. Бірақ бұл талабынан бас тарттым, содан кейін ұлттық қауіпсіздік қызметіне байланысты мәселе туындай бастады. Салық төлеуден жалтару фактісі бойынша маған қылмыстық іс қозғалды, мені заңсыз қамауға алып, ұзақ мерзімге бас бостандығымнан айырды. Тек 2022 жылы заңсыз үкімнің күші жойылды, оған дейін бар дүние-мүлкім басқа адамдарға өтіп кетті», – дейді ол.
Әлижан Наджибуллаұлының сөзінше, әкесін азаматтықтан айырған, содан кейін Ауғанстан азаматы бола тұра қазақстандық азаматпен ынтымақтастық орнатып, бірлесе жұмыс істеп жатыр деген желеумен қамаған.
«Қылмыстық кодекстің 256-бабы (терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру) бойынша айыптап, қамады. Мұны дерек түрінде алып қарасақ, әкем айып тағылған аралықта Қазақстан азаматы болды. Органдар алдымен азаматтығын алып, содан кейін «сен ауғансың» деп осы бап негізінде қамады», – дейді Әлижан.
Ол мұның бәрінің артында Мәсімов тұр деп санайды.
«Кәсібімізге кедергі келтірді, банктер қысым жасай бастады. Ең соңында кәсібімізді тартып алды. Несиені жабуға 6 жыл берілгеніне қарамастан, банк келіп, «дәл қазір бәрін төлеуге тиіссің» деді. Ал ол карантин уақыты еді. Кәсіп тоқтап тұрды, ақша болған жоқ, адамдар жұмысқа шықпады. Банк бірнеше күннің ішінде аукцион өткізіп, сатып жіберді», – дейді Әлижан Наджибуллаұлы.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихаты барысында Абдул Халилге қатысты 7 қылмыстық іс қозғалғанын, оның екі жыл қамауда отырғанын, соңында ешқайсысы дәлелденбей, босап шыққаны айтылды.
Ал Наджибулла Абдул Халил президент әкімшілігіне хат жолдап, мемлекет басшысынан араша сұрап отыр.