Cobalt жүргізушілерін Яндекс таксиде жүргізбей қоя ма

Әлеуметтік желіде 2025 жылғы 1 мамырдан бастап «Яндекс Go» сервисі Қазақстанда Chevrolet Cobalt маркалы автокөліктерді такси ретінде тіркеуді тоқтататыны туралы ақпарат тарады.
Ақпаратта автокөліктің жаңа нұсқалары енді мүлде тіркелмейтіні, ал қазір жұмыс істеп жүрген жүргізушілер 2025 жылдың соңына дейін қызметін жалғастырып, кейін алынып тасталатыны айтылады.
«Бұл шешім қауіпсіздік талаптары мен қызмет сапасының стандарттарына сай болу мақсатында қабылданған» – делінген жазбада.
Алайда Yandex Qazaqstan ақпаратты толық терістеді. Олардың сөзінше, тараған ақпарат толықтай фейк, ондағы айтылғандардың ешбірі шындыққа сәйкес келмейді.
Yandex Qazaqstan сондай-ақ Cobalt туралы ақпаратты таратушылар мән-жайды білу үшін компанияға хабарласпағанын атап өткен.
Желідегі жазбаға көпшілік сеніп қалған. Тіпті жаңалықты жылы қабылдап, Cobalt-тың жайсыздығын айтып «дұрыс болды» десіп жатқандар көп. Әрине бұған жүргізушілер наразы.
Chevrolet Cobalt – такси қызметін ұсынатын жүргізушілер арасында танымал модель. Ол бюджеттік бағасымен, кең салонымен тартымды. Өзінің бірқатар кемшілігіне қарамастан, ең көп сатылатын модельдер тізімінде үнемі үздік үштіктен табылып келеді.
Бүгінде таксистердің көлігі аталып кеткен модельді 4 пайызбен алуға болады.
Осы мақсатта бренд «Chevrolet. Өзіміз ғой» бағдарламасы аясында «Бәке», «Сәке», «Мәке», «Тәке» деген 4 опция ұсынып отыр.