Еурохаттаманың артықшылығы мен кемшілігі: Автосақтандыру нарығы қалай өзгеріп жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Еурохаттаманың артықшылығы мен кемшілігі: Автосақтандыру нарығы қалай өзгеріп жатыр/Фото: Роман Дементьев
Еурохаттаманың артықшылығы мен кемшілігі: Автосақтандыру нарығы қалай өзгеріп жатыр/Фото: Роман Дементьев

2024 жылы «Freedom Insurance» сақтандыру компаниясының DTP.kz жүйесі арқылы еурохаттамаға 2 845 өтінім келіп түсткен. Ал 2025 жылғы І тоқсанның өзінде ғана 2 217 өтінім қабылданған. Бұл жол-көлік оқиғасын онлайн рәсімдеу қызметі кеңінен таралып жатқанының көрінісі. Бұлай деп «Freedom Insurance» сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Азамат Керімбаев автосақтандыруға арналған медиа-шара барысында мәлім етті.

Еурохаттама қалай жасалады

Іс-шара аясында жол-көлік оқиғасы симуляцияланып, DTP.kz платформасы арқылы еурохаттама рәсімдеудің жанды мысалы көрсетілді.

Фото: Роман Дементьев
Фото: Роман Дементьев

Платформада сервис толықтай онлайн өтеді. Мұнда нарықтағы жетекші 7 сақтандыру компаниясы топтастырылған.  

Азамат Керімбаев еурохаттама рәсімдеуде ең бастысы жол-көлік оқиғасы салдарынан адам зардап шекпеген болуы қажет екенін атап өтті. Одан кейін кінәлі жүргізуші мен жәбірленуші өзара толық келісіп, бірінің-біріне шағымы болмауға тиіс.

Ескерер жайт, жол-көлік оқиғасының суретін жіберерде көліктерді жан-жағынан суретке түсіру қажет. Әсіресе зақымданған бөлік анық көрініп тұрғаны жөн. Бұл көлікке келген зақымды бағалауда маңызды рөл ойнайды.

Еурохаттама арқылы берілетін сақтандыру өтемінің максималдық мөлшерлемесі – 100 АЕК (2025 жылы 393 200 тг).

Еурохаттама артықшылығы

Хаттаманың бұл түрі жол-көлік оқиғасы жағдайын рәсімдеу мен сақтандыру компаниясынан төлем алу процесін жеделдетеді. Жолдың ортасында полиция қызметкерін күтуге, соттасып, сақтандыру төлемінің түсуіне кететін есіл уақытты үнемдеуге көмектеседі.  

Азамат Керімбаевтың сөзінше, DTP.kz платформасында 15 минутта жол-көлік оқиғасын рәсімдеп, 2 сағатта сақтандыру төлемін алған жағдайлар кездескен.

Бұл қызмет түрін пайдаланғанда кінәлі жүргізушіге жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін айыппұл салынбайды. Сәйкесінше, жүргізуші классы төмендемейді, сақтандыру полисінің бағасы өспейді.

Кемшілігі

Сақтандыру төлемінің шекті мәні. Еурохаттама арқылы ең көбі 100 АЕК мөлшерінде ғана төлем алуға болады. Бұл әсіресе дилерлік кепілдік аясындағы көліктерге жарай бермейді. Өйткені дилерде бөлшек пен жөндеу қымбат жүретіндіктен, шығын еурохаттамада берілетін сомадан асып кетеді.

Суреттің сапасы мен анықтығы бағалауға әсер ететіндіктен, еурохаттама тек күндізгі мезгілге немесе жарық жағдайға ғана жарайды.

Одан кейін қызмет онлайн рәсімделетіндіктен, интернет жылдамдығына назар аударған жөн. Интернет байланысы әлсіз болған жағдайда, деректер жүктелмей, қызмет қолжетімсіз болуы мүмкін.

Сақтандыру саласына өзгеріс әкелген цифрлық шешімдер

Фото: Роман Дементьев
Фото: Роман Дементьев

Азамат Керімбаевтың айтуынша, Sergek сервисі сақтандыру компаниясына жол-көлік оқиғалары туралы деректерді қабылдауды автоматтандыруға, өтініштерді өңдеуді жылдамдатуға және алаяқтық белгілерін жедел тексеру арқылы қауіпсіздікті жақсартуға мүмкіндік берген. Сервис өз кезегінде әкімшілік құқық бұзушылықтың бірыңғай тізілімі (ӘҚББТ) мен қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесі сияқты сыртқы қызметтермен интеграцияланған.

«Сондай-ақ компания көлік құралдарын онлайн-тексерудің және бағалаудың цифрлық механизмін енгізе алды. Бұл тәсіл сақтандыру төлемдерін алу процесін жеңілдетеді. DTP.kz сервисінің нарықтағы үлесі де артты. Жалпы Қазақстан бойынша соңғы 9 айда 2,8%-дан 29,1%-ға өсті. Астана Қазақстанның барлық қалаларының арасында технологияны пайдаланудың ең қарқынды өсімін көрсетіп, 23,3%-дан 82,5%-ға дейін жетті» – дейді ол.

«Freedom Insurance» сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының сөзінше, DTP.kz платформасының дамуы компанияның қаржылық тиімділігін арттыруға жол ашқан.

«Төлемдерді жүзеге асыру процесіне байланысты компания ішіндегі шығындар айтарлықтай қысқарды. Цифрлық шешімдерді енгізу және процесті оңтайландыру компанияға 2024 жылы әрбір төлем процесінде 21 000 теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік берді” – деді Азамат Керімбаев

Компанияның мәліметінше, 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстандағы әрбір екінші сақтандырушы тұлға Freedom Insurance компаниясын таңдаған. Бұл компанияны елдегі сақтандыру компанияларының өткен жылғы рейтингінде 5-ші орынға көтерілуге мүмкіндік берген. Компания биыл рейтингте жоғары көтерілуге ​​үмітті.

Бұған дейін, жол-көлік оқиғасына түскен жағдайда не істеу керегі туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз