
Наурыз айында кредиттердің үстемақысы өскенімен, депозиттердің сыйақысы аса көтерілген жоқ. Ұлттық банктің депозит пен кредиттің пайыздық мөлшерлемесіне қатысты статистикасынан осыны байқауға болады.
7 наурызда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25%-дан 16,5%-ға дейін көтергені белгілі. Негізгі көрсеткіш өскен сайын халық пен бизнеске берілетін несие қымбаттап, депозитке салған ақша тиімді болуға тиіс.
Алайда банктер депозит шарттарын сәл ғана өзгертті. Мысалы, заңды тұлғаларға (яғни компаниялар мен ұйымдарға) арналған теңгелік депозиттердің орташа мөлшерлемесі 15% болды. Бұл ақпанмен салыстырғанда 0,8 пайыздық тармаққа жоғары. Жеке тұлғаларға арналған депозит мөлшерлемесі 0,3 пайыздық тармаққа өсіп, 13,6%-ке жетті.
Депозиттердің пайыздары қандай?
Компанияларға арналған депозиттер мынадай мөлшерлемемен ұсынылады:
- 1 айға дейін – 15,1%;
- 1–3 ай – 14,5%;
- 3 ай–1 жыл – 14,7%;
- 1–5 жыл – 14,9%;
- 5 жылдан жоғары – 10,8%.
Жеке тұлғалар үшін орташа пайыздық мөлшерлеме:
- 1 айға дейін – 14,3%;
- 1–3 ай – 15,7%;
- 3 ай–1 жыл – 13,8%;
- 1–5 жыл – 13,4%;
- 5 жылдан жоғары – 2,2%-ды құрайды.
Несие шарттары қалай өзгерді?
Наурызда кредит біршама қымбаттады. Жеке тұлғаларға теңгемен берілетін несиенің орташа мөлшерлемесі 20,5%-тен 21,4%-ке өсті. Ал компанияларға берілетін кредиттің пайызы – 18,3%-тен 19%-ке дейін жоғарылады.
Ал шетел валютасымен берілетін несие керісінше арзандады. Оған теңгенің нығаюы әсер еткен:
- Жеке тұлғалар үшін – 5%-тен 4,8%-ке дейін төмендеді.
- Заңды тұлғалар үшін – 7,1%-тен 6,5%-ке түсті.
Халық үшін ең арзан несие – 5 жыл мерзімге берілетін несие (орта есеппен 15,9%). Ең қымбаты – 1 айлық несие (орташа 35,3%).