Қазақстандықтардың долларға деген сұранысы күрт азайды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
доллар
Долларға деген сұраныс неге төмендеп жатыр / Фото: shutterstock

2025 жылдың наурыз айында Қазақстан халқының доллар сатып алуы айтарлықтай азайған. Ұлттық банк мәліметінше, айырбастау пункттеріндегі доллар сатып алу көлемі ақпанмен салыстырғанда 57%-ға, яғни 73,8 млрд теңгеге дейін төмендеген. Ал 2024 жылғы наурызбен салыстырғанда 53%-ға аз.

Халық рубльді сатып жатыр

Наурызда ресей рубліне деген сұраныс та айтарлықтай төмендеді. Халық рубльді сатып алудан гөрі, сатуға бейім болған. Нәтижесінде рубльдің нетто-сатылымы – 18,9 млрд теңгені құрады. Бұл ақпан айындағы –12,4 млрд теңгеден де көп.

Валюта нарығындағы жалпы белсенділік төмендеді

Ұлттық банктің мәліметі бойынша, айырбастау пункттеріндегі қолма-қол шетел валютасымен жасалатын операциялар көлемі де айтарлықтай азайған. Мәселен, доллар сатып алу көлемі ақпандағы 174,9 млрд теңгеден наурызда 73,9 млрд теңгеге дейін түсті. Бұл екі есе аз.

Еуро мен юаньға деген сұраныс та әлсіреді. Еуро сату көлемі 33,1 млрд теңгеден 11,6 млрд теңгеге дейін (–2,8 есе), ал юань бойынша нетто-сату –9,3 млн теңгені құрады. Ақпан айында юань бойынша бұл көрсеткіш 32,3 млн теңге болған еді.

Доллар сатып алуда Шымкент қаласы алдыңғы орныда келеді. Шымкенттіктер өткен айда 21,8 млрд теңгеге доллар айырбастаған. Бірақ бұл көрсеткіш те ақпанмен салыстырғанда 1,6 есе төмендеген. Екінші орында – Алматы (11,4 млрд теңге, –3,9 есе), үшінші орында Маңғыстау облысы (8,9 млрд теңге, –1,4 есе) келеді.

Еуроға келсек, ең жоғары сұраныс Алматыда байқалды: 4,8 млрд теңге, одан кейін – Астана (2 млрд теңге) және Шымкент (1,9 млрд теңге) келеді.

Нарықтағы үрдіс нені байқатады?

Сарапшылардың пайымдауынша, валюта нарығындағы белсенділіктің төмендеуі халықтың инвестициялық және тұтынушылық көңіл-күйінің әлсіреуін білдіруі мүмкін. Сонымен қатар, рубль мен юаньға деген қызығушылықтың азаюы геосаяси және экономикалық факторлармен байланысты болуы ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз