Әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта көтеріліп жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Мұнай бағасы қандай / Фото: shutterstock

Апта бойына арзандаған мұнай бағасы 25 сәуір, жұма күні сәл көтерілді. Бұған АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі салдарынан жасалған қарама-қайшы мәлімдемелер себеп болды.

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Қытаймен келіссөздер жүргізіп жатқанын айтса, Қытай тарапы бұл ақпаратты жоққа шығарды. ҚХР Сауда министрлігінің өкілі Хэ Ядун 24 сәуірде өткен баспасөз мәслихатында тараптар арасында ешқандай келіссөз жүріп жатқан жоқ деп мәлімдеді. Оның айтуынша, келіссөздердің жүріп жатқаны туралы хабарламалар негізсіз.

Сингапурдағы Phillip Nova Pte брокерлік компаниясының бас сарапшысы Приянка Сачдева бұл жағдай мұнай трейдерлерінің сеніміне кері әсер етіп жатқанын айтады.

«АҚШ пен Қытай арасындағы сауда мәселелеріне қатысты түсініксіздік нарықтағы көңіл күйді жақсартпай отыр. Мұнай бағасының әрі қарай төмендеуі мүмкін», — дейді сарапшы.

25 сәуір күні таңертеңгі Лондондағы ICE Futures биржасында маусым айына арналған Brent маркалы мұнай фьючерстерінің құны бір баррель үшін 67,03 доллар болды. Бұл алдыңғы сауда күнімен салыстырғанда 0,48 доллар немесе 0,72% жоғары. Бұған дейін бейсенбі күні, Brent 0,43 (0,65%) долларға қымбаттап, 66,55 доллар болған еді.

Сол уақытта Нью-Йорктегі NYMEX биржасында WTI маркалы мұнайдың маусымдық фьючерстері 0,53 (0,84%) долларға өсіп, 63,32 доллар деңгейіне жетті. Кеше бұл баға 0,52 долларға өсіп, 62,79 доллар болған еді.

Алайда бұл аптада жалпы баға төмендеген: Brent шамамен 1,3%, ал WTI — 1%-дан астам арзандады. Оған ОПЕК+ ұйымына мүше бірнеше елдің маусым айында мұнай өндіру көлемін жедел арттыру ұсынысын қарастырып жатқаны туралы хабарламалар себеп болды.

ОПЕК+ ұйымының келесі отырысы 5 мамырға жоспарланған. Онда өндіріс көлеміне қатысты нақты шешім қабылдануы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз