Депутаттар бензин тапшылығын болдырмас үшін шағын зауыттарды дамытуды ұсынды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
мқнай өңдеу
Қазақстан шағын МӨЗ-дерді неге дамытпай отыр / Фото: shutterstock.com

Мәжіліс депутаттары Қазақстан ірі көлемде мұнай экспорттайтын мемлекет бола отырып, жанармай тапшылығымен жүйелі түрде бетпе-бет келеді деп тұжырымдайды. Бұл ретте «Ақ жол» партиясының депутаттары бұл мәселені шешу үшін жеке мұнай өңдеу зауыттарын дамытуды ұсынады. Серік Ерубаев бастаған бір топ депутат аталмыш мәселені көтеріп, вице-премьер Роман Склярға депутаттық сауал жолдаған.

«Мұнай экспорттаушы елдің ішкі нарығында бензин мен дизель отыны жетіспей, оның үстіне экспортқа тыйым салуға мәжбүр болуы – ақылға сыймайтын парадокс. Бұл жағдай халықты да, кәсіпкерлер қауымдастығын алаңдатып отыр», – деп жазады депутаттар.

Ірі мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жетпейді

Депутаттар бұл тапшылықтың бірнеше себебі бар екенін айтады. Ең алдымен, Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауыты – Павлодар, Шымкент және Атырау МӨЗ-і – ішкі нарықтың сұранысын толық қамти алмайды. Бұған қоса, бұл зауыттар кейде жөндеу жұмыстарына жабылып қалады. Әсіресе, көктемгі егін егу мен күзгі орақ кезінде бұл үлкен қиындықтар туғызады.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қазақстанның тәуелсіз мұнай өңдеу және мұнай-химия компаниялар қауымдастығы елдегі шағын мұнай өңдеу зауыттарының (ШМӨЗ) мүмкіндігін пайдалануды ұсынады. Бүгінде Қазақстанда мұндай 30-дан аса зауыт бар. Олардың жылдық жалпы өңдеу қуаты – шамамен 7 млн тонна. Алайда бұл зауыттар толық күшінде жұмыс істей алмай отыр.

Шағын зауыттар неге толық қуатында жұмыс істемейді?

Депсауалда оған негізі екі себеп бар деп жазылған:

  • Шикізаттың жетіспеуі.
    ШМӨЗ-дерге мұнай жеткізу – үлкен мәселе. Себебі мұнай өндіруші компаниялар шикізатты ішкі нарыққа арзандау бағамен сатқаннан гөрі, сыртқы нарыққа жоғары бағамен экспорттағанды тиімді көреді. Ал Энергетика министрлігі шағын зауыттардан жеңіл мұнай өнімдерінің шығымын 45%-ке дейін арттыруды талап етіп отыр. Бұл қымбат технология мен жабдықты қажет етеді, яғни көп инвестиция керек. Бірақ тұрақты шикізат пен арзан қаржыландыру болмаса, мұндай талапты орындау мүмкін емес.
  • Өнім экспортына тыйым.
    Қазіргі таңда шағын зауыттар өндірген нафта, кеме отыны мен пеш отынын экспорттауға шектеу бар. Бұл олардың табысын азайтып, жұмысын тежейді. Мысалы, бұрын нафтаны экспорттаудан ай сайын 600 млн теңге бюджетке түсіп отырған. Ал көрші елдерде ондай шектеу жоқ – олар нафтаны еркін сатып, табыс тауып отыр.

«Ақ жол» фракциясы қандай ұсынысы қандай?

Депутаттар шағын МӨЗ-дер аймақтарды жанармаймен қамтамасыз ету және жұмыс орнын құруда маңызды рөл ойнайды деп тұжырымдайды. Осы ретте «Ақ жол» фракциясы мәселені жүйелі түрде шешу үшін бірнеше ұсыныс айтқан:

  • Нафта, кеме және пеш отынына қойылған экспорттық шектеулерді алып тастау (мемлекеттік бақылау болған жағдайда);
  • Шағын зауыттардың жаңа жабдық алуына көмектесу үшін мемлекеттік қаржыландыру бағдарламасын жасау;
  • Мұнай жеткізу кестесін әділ әрі ашық жолмен қалыптастырып, кәсіпкерлердің қатысуын қамтамасыз ету;
  • Шағын мұнай өңдеу зауыттарын Қазақстанның мұнай өңдеу саласын 2024–2050 жылдарға дейін дамыту тұжырымдамасына енгізу.

Қазақстанда бензин тапшылығы бар ма?

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда жанармай тапшылығы жоқ. Салалық министрлік бензин қоры жеткілікті деп тұжырымдайды.  Өйткені елдегі үш мұнай өңдеу зауыты да толық қуатта жұмыс істеп тұр.

Алайда биыл үкімет елдегі жанармай бағасын реттеуден бас тартты. Сол кезде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев  Қазақстандағы жанармай бағасы Ресейдегі нарық құнымен теңестірілетінін мәлімдеген. Алайда үкімет бензиннің күрт қымбаттауына жол бермейміз деп уәде берген.

Сондай-ақ оқыңыз