
Hyundai мен Kia сияқты корейлік седандар Қазақстандағы жаңа және қайталама нарықта үнемі жоғары сұранысқа ие. Бұл – сенімділігімен, қосалқы бөлшектерінің қолжетімділігімен танылған көліктер. Алайда 2025 жылы бұл сегментте экономикалық және нарықтық бірқатар өзгерістер тіркелді. Бұл ретте Kursiv.Media тілшісі Hyundai Sonata, Elantra, Kia K5 және Cerato сияқты корейлік седандардың бағасы қалай өзгергенін талдап, авто саудасына әсер еткен факторларды шолып шықты.
2025 жылы қолданыстағы седандардың бағасына қандай факторлар әсер етті?
Көлік бағасына тек сұраныс пен ұсыныс емес, экономикалық жағдай да әсер етеді. Ендеше биыл корей көліктерінің бағасына ықпал еткен негізгі факторлаға тоқталайық.
Бірінші, валюталық бағамның өзгеруі. АҚШ долларының 500-520 теңгеге дейін өсуі жаңа көліктердің бағасын көтеріп, соның нәтижесінде қолданыстағы көліктер құны да өсті.
Екінші, ЕАЭО елдерінен көлік әкелуге қойылған шектеулер. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап Армения, Қырғызстан және Ресейден әкелінген көліктерді тіркеуге қатысты жаңа ережелер күшіне енді. Бұл қайталама нарықтағы ұсыныстың азаюына әкелді.
Үшінші, мемлекеттік бағдарламалар мен автонесиелеу. Бірнеше банк (Freedom Finance, CenterCredit, Forte және т.б.) қолданыстағы көліктерге арналған несие бағдарламаларын іске қосты. Бұл, әсіресе 10 млн теңгеге дейінгі сегменттегі сұранысты арттырды.
Төртінші, қытайлық жаңа модельдермен бәсеке. Chery, Haval, Omoda секілді брендтер Қазақстан нарығына белсенді кіріп жатыр. Дегенмен қайталама нарықта Hyundai мен Kia брендтері әлі де сенімді авто ретінде қарастырылады.
Қазір тізгінделген көлік алған дұрыс па, әлде күте тұрған жөн бе?
Көп адам көлікті қазір алу керек пе, әлде біраз күткен дұрыс па деген сұрақ қояды. Бұл – мақсат пен бюджетке байланысты:
- Егер 2021–2023 жылғы седан алғыңыз келсе, дәл қазір алу – дұрыс шешім. Нарықта баға тұрақтанды, таңдауға мүмкіндік бар.
- Бюджетіңіз 4–5 млн теңге болса, көктем не жазды күтуге болады. 2012 жылға дейінгі көліктердің бағасы аздап түсуі мүмкін.
- Егер несиеге алғыңыз келсе, қазір тиімді: банктердің талаптары жеңілдеп, мөлшерлемелері де қолайлырақ.
- Жаңа көлік алуға үмітті болсаңыз, қытайлық көліктер 2017–2020 жылғы корейлік седандардың бағасын одан әрі төмендетуі мүмкін. Бірақ бұл жыл соңына қарай байқалады.
2025 жылы Қазақстандағы қолданыста болған корейлік седандардың орташа бағасы
Kolesa.kz, OLX.kz және Aster.kz деректерін саралап көрдік. Ендеше әр модельге қарай талдау ұсынамыз.
Hyundai Sonata:
- 2024 жылғы модельдер – шамамен 16 млн теңге
- 2022–2023 жылғы модельдер – 12–13,5 млн теңге
- 2018–2021 жылғы модельдер – 8,5–10,5 млн теңге
- 2014–2017 жылғы модельдер – 6–7 млн теңге
- 2010–2013 жылғы модельдер – 4–5 млн теңге
Hyundai Elantra:
- 2024 жылғы модель – 13 млн теңге
- 2022–2023 жылғы модельдер – 9–10,5 млн теңге
- 2018–2021 жылғы модельдер – 7–8 млн теңге
- 2014–2017 жылғы модельдер – 4,5–6 млн теңге
- 2010–2013 жылғы модельдер – 3–4 млн теңге
Kia K5:
- 2024 жылғы модельдер – 15,5 млн теңге
- 2022–2023 жылғы модельдер – 12–13,5 млн теңге
- 2018–2021 жылғы модельдер – 9–11 млн теңге
Kia Cerato:
- 2024 жылғы модельдер – 11 млн теңге
- 2022–2023 жылғы модельдер – 8–9 млн теңге
- 2018–2021 жылғы модельдер – 5,5–6,8 млн теңге
- 2014–2017 жылғы модельдер – 3,8–4,5 млн теңге
- 2010–2013 жылғы модельдер – 2,8–3,5 млн теңге
Баға – бұл орташа көрсеткіш. Нақты сома көліктің жағдайына, жүріп өткен қашықтығына, жиынтығына және құжатының дұрыс рәсімделуіне байланысты өзгереді.
Қолданыстағы Hyundai мен Kia көлігін аларда неге мән беру керек?
Егер көлік алуға нақты шешім қабылдасаңыз, мына кеңестерге назар аударыңыз:
- VIN-кодты міндетті түрде тексеріңіз (eGov, Nomer.kz, Car4You арқылы). Көлік апатта болған ба, кепілде ме, айыппұлда ма – бәрін білуге болады.
- Жиынтықты зерттеңіз. Базалық пен «толық» нұсқаның бағасында 1–2 млн теңгеге дейін айырмашылық болуы мүмкін.
- «Мінсіз» көлікке күмәнмен қараңыз. Кейде бұл толық жөндеуден өткен авто болуы мүмкін.
- Міндетті түрде техникалық диагностика жасаңыз. Әсіресе турбоқозғалтқыш пен автомат қораптары бар модельдерді.
- Құқықтық «тазалығын» бірінші кезекке қойыңыз. Көлік кепілде, жалға берілген немесе соттық шектеуде болмауға тиіс.
2025 жылы Қазақстандағы қолданыстағы корейлік седандар нарығы бірқалыпты дамып жатыр. Hyundai Sonata, Elantra, Kia K5 және Cerato – әлі де сенімді, өтімді көліктер. Алайда қайталама нарықтан авто алсаңыз асығыс шешім қабылдамай, техникалық және құжаттық тұрғыда мұқият тексеру – қажет.
Бұған дейін Нью-Йорк халықаралық автокөрмесінде World Car of the Year 2025 (WCOTY) жүлдесінің жеңімпаздары жарияланған еді. 2025 жылдың басты жүлдесін Kia EV3 электромобилі алды. Оңтүстік Кореяда өндірілген автолар екінші жыл мықты болып отыр. Былтыр бұл жүлдені осы компанияның EV9 көлігі иеленді.