Букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеу туралы заң күшіне енді
Жарияланды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесінің жарнамасын шектейтін жаңа заңға қабылдап, бірқатар маңызды бағыттар бойынша өзгерістер енгізді. Бұл өзгерістер екі негізгі блокқа бөлінген.
Бірінші блок – денсаулық сақтау саласы:
- Онкологиялық ауруларды ерте анықтау мақсатында жүргізілетін скринингтер аясындағы амбулаториялық мамандандырылған медициналық көмек мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмектің құрамына енгізілді. Яғни, бұл қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен алынып, енді барлық азаматтарға тегін ұсынылады.
- Бұдан бөлек, мүгедектік белгіленбеген, бірақ құлақтың есту қабілеті бұзылған азаматтарды есту аппараттарымен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тапты.
Екінші блок – бәс тігу мен жарнамаға қатысты шектеулер:
- Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасын ұялы байланыс абоненттерінің құрылғыларына жіберуге және онлайн платформалар арқылы таратуға тыйым салынды.
- Мұндай жарнамаларды орналастыру құқығы тек спорт тақырыбына бағытталған бұқаралық ақпарат құралдарына ғана берілетін болды. Бұл шара жастар мен осал топтарды құмар ойындардың ықпалынан қорғауға бағытталған.
- Сонымен қатар, бостандықты шектеу жазасына кесілген немесе шартты түрде сотталған азаматтарға құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға тыйым салынды.
Заң аясында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске, сондай-ақ «Жарнама туралы», «Ойын бизнесі туралы» және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді.
Бұған дейін, заңсыз көлеңкелі букмекерлердің қалай жұмыс істеп жатқандары туралы жазған едік.