
Жапонияда EXPO 2025 Osaka аясында өткен Women Tech Global Summit халықаралық саммитінде Қазақстандық Women in Tech чаптері «Жыл чаптері» аталымында бас жүлдеге ие болды. Бұл марапат әлемнің 60-тан астам еліндегі өкілдіктер арасындағы ең белсенді әрі серпінді дамып жатқан чаптерге табысталады.
Қазақстан саммитке ең үлкен делегациямен — 25 қатысушымен қатысты. Делегацияны Freedom Holding Corp. компаниясының CEO-сы Тимур Турлов бастап барды. Холдинг чаптердің ресми серіктесі және Орталық Азия аймағынан бірінші болып Osaka Gender Protocol — цифрлық экономикада әйелдердің рөлін қолдауға арналған халықаралық бастамаға қосылды.
Women in Tech Kazakhstan 2024 жылғы қыркүйекте құрылған. Осы уақыт аралығында 15-тен астам іс-шара өткізіліп, 40 мыңнан астам адамды қамтыған бастамалар жүзеге асты. Ұйым отандық және халықаралық жетекші компаниялармен әріптестік орнатқан. Бүгінде қауымдастық құрамында технология саласында жүрген 1000-нан астам қыз-келіншек бар. Чаптерге Қазақстан Республикасының Цифрлық даму министрінің кеңесшісі Әсем Болатжан жетекшілік етеді.
Халықаралық бастамаға қатысу мүмкіндігіне ие болған 25 белсендіге Bereke Bank қаржылай қолдау көрсетті.
Women in Tech — әлем бойынша 300 мыңнан астам волонтерді біріктіретін жаһандық қозғалыс. Ұйым мемлекеттік мекемелермен және бизнес өкілдерімен бірлесе түрлі жобаларды іске асырып келеді. Оның барлық бағдарламалары мен ресурстары, соның ішінде WIT Hub платформасы, қазақстандықтар үшін тегін әрі ашық.
Women in Tech ұйымын 2017 жылы қоғам қайраткері Аюми Мур Аоке құрған. Қазақстандағы чаптер Women in Innovation and AI, Science, Fintech, Venture, E-commerce және әйел кәсіпкерлерге арналған цифрлық дағдылар секілді бағыттарда жұмыс істеп, технология саласында қыз-келіншектердің дамуына жағдай жасап келеді.