Футбол күні аясында Тоқаев UEFA президенті Александер Чеферинмен кездесті

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Тоқаев UEFA президенті Александер Чеферинмен кездесті / фото: akorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының (UEFA) президенті Александер Чеферинді Ақордада қабылдады. Кездесу барысында Қазақстан мен UEFA арасындағы әріптестік, отандық футболды дамыту және халықаралық ынтымақтастық мәселелері сөз болды.

Президент еліміздегі футболдың бұқаралық сипат алып келе жатқанын атап өтіп, бұл салаға UEFA тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға жоғары баға берді. Бүгінде елімізде 1 млн астам адам футболмен айналысады. Бұл – спортпен шұғылданатын азаматтардың 13 пайызын құрайды.

Мемлекет басшысы футбол экожүйесін дамытудың маңыздылығына тоқталып, келесі басым бағыттарды атап өтті:

  • Отандық футболда нарық талаптарына сай орнықты бизнес модель қалыптастыру;
  • Клуб менеджментін жетілдіру;
  • Білім беру және тәжірибе алмасу бағдарламалары арқылы мамандар мен жас ойыншылардың кәсіби деңгейін арттыру.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан спортының дамуына қосқан үлесі үшін Александер Чеферинді II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Өз кезегінде Александер Чеферин Қазақстанмен арадағы серіктестікті кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді. Сондай-ақ UEFA мен Қазақстан футбол федерациясы арасындағы берік байланыс орнағанын атап өтті.

Айта кетейік, 25 сәуір Қазақстанда футбол күні аталып өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз