Қатты жер сілкінісі болады деп болжам жасаған TikTok-тағы астролог тұтқындалды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қатты жер сілкінісі болады деп болжам кесірінен тұрғындар далаға түнеген/ shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский
Қатты жер сілкінісі болады деп болжам кесірінен тұрғындар далаға түнеген/ shutterstock, бильд-редактор: Милош Муратовский

Қатты жер сілкінісі болады деп болжам жасаған TikTok-тағы астролог тұтқындалды. Ол бейнежазба арқылы «халық арасында дүрбелең туғызған«.

BBC ақпаратына қарағанда, Мьянма билігі астролог Джон Мо Тені жалған ақпарат таратты деп айыптап отыр.

Мьянманың ақпарат министрлігі сейсенбі күні Джон Мо Тенің «қоғамда қорқыныш пен үрей тудыратын жалған мәлімдемелер жасағаны үшін» ұсталғанын хабарлады.

Ғимараттан шығуды бұйырған

Сәуегей 9 сәуірде, 7,7 балдық жойқын жер сілкінісінен кейін екі апта өткен соң өз болжамын жариялаған еді.

Астролог 21 сәуірде Мьянманың барлық қаласында қатты жер сілкінісі болады деп ескерткен. Алайда сарапшылар мұндай табиғи апаттарды нақты болжау мүмкін емес екенін айтады.

Видеосы 3 миллионнан астам қаралым жинаған Джон Мо Те: «Жер сілкінген кезде маңызды заттарыңызды алып, дереу ғимараттан шығыңыздар», – деп кеңес берген. Бейнежазба астына: «Бүгін көпқабатты үйлерде болмаңыздар» деген де жазба қалдырған.

Көп адам далада түнеген

Янгон тұрғыны көршілерінің көбі бұл болжамға сеніп, 21 сәуір күні үйлерінен шығып, далада түнеуге мәжбүр болғанын айтты.

Астрологтың TikTok-тағы қазіргі жойылған парақшасында 300 мыңнан астам оқырманы болған. Ол өз болжамдарын астрология мен хиромантияға сүйеніп жасайтынын мәлімдеген.

Полиция оны Мьянманың орталығындағы Сагайн қаласында үйіне рейд жасап тұтқындап отыр.

Үрей неден туды?

Айта кетейік, 28 наурызда болған зілзаладан әсіресе Мандалай мен Сагайн аймақтары қатты зардап шеккен еді. Сол оқиғадан кейін Мьянма хунтасы төтенше жағдай ретінде шетелден көмек сұраған болатын.

Қатты жер сілкінісі дүмпуі тіпті 1000 шақырым жердегі Бангкокта да сезіліп, сол жерде құрылыс алаңында ғимарат құлап, ондаған адам қаза тапқан. Сол зілзала кезінде 3 500 адам көз жұмып, ондаған ғасырлық ғибадатханалар қираған еді.

Таиландтың метеорологиялық қызметінің хабарлауынша, 9 сәуірде 5,2 балдық жер сілкінісі тіркелген еді.

Сондай-ақ оқыңыз