
Заманбек Нұрқаділовтің Мақпал Жүнісоваға деген махаббаты оны шығыс шаирына айналдырғанын біреу білсе, біреу білмес.
Мемлекет және қоғам қайраткерлері Заманбек Қалаубайұлы сан қырлы тұлға. Ақындығы мен көркем аудармамен де әуестенгені өз алдына бөлек әңгіме.
Ғашықтық жырлары
Нұрқаділов мемлекеттік қызметке бармаса, нағыз ақынға айналар еді. Көзінің тірісінде Шығыс шаирларын қазақ тіліне аударып, 2005 жылы «Нұрзами» деген әдеби лақап атпен «Шығыс жыры» атты кітабын жария етті.
Оның Мақпал Жүнісованы құлай сүйгені бұл жинақтан анық көрінеді. «Шындық жыры» атты бөлімінде 29 өлеңінің алтауы сүйген жарына арналыпты. Махаббат пен тұнық сезімге толы жырлардың бірінде әншіге деген махаббатын былай деп жеткізген:
Тербелген сен гүлісің кең даламның
Сұлуы саған жетпес жер-ғаламның…
Осылайша, Заманбек Нұрқаділовтің Мақпал Жүнісоваға деген аңызға бергісіз махаббаты өлеңмен де өрілген.
Хафиз шаир түсіне кіріп, тағдырын болжаған
«Қанша жүрексінсем де, қанша өзімді сабырға шақырсам да, мені еркімнен тыс сүйреген ғаламат күш қолыма қалам алдыртып тынды. Тіпті, күндіз-түні Шығыс жырларынсыз өмір сүре алмайтын қалге жеттім», – дейді Заманбек Нұрқаділов, көркем тәржіма жасауға қалай келгенін түсіндіріп.
Сонымен қатар, Хафиз Шаир Заманбек Қалаубайұлының түсіне кіріп аян беріпті:
«Таңға жуық уақыт болатын. Түсімде Хафиз шаир маған өзінің жыр жинағын беріп жатып:
– Заманбек, бағыңды сынап көресің бе? Мына кітаптың қалаған бетін ашып, сол ғазалды маған дауыстап оқып берші. Ол ғазал саған арналғандай. Бұл жыр сенің болашақтағы тағдырыңды айқындап береді, – деді».
Бір қызығы, түсінде 36 ғазалды дауыстап оқи бастағанда, Заманбек өз дауысынан өзі оянып кеткен.
Сосын сол ғазалды ашып, толық оқып шығады. Онда: «Ұқсап кеттім мен майшамға жанып кеткен кенеттен» деген жолды кездестіруге болады.
Шығыс шайырлары
Хафиз Ширазиден бөлек, Нұрқаділов Шығыс поэзиясының жұлдыздары Омар ибн Әби Рәбиа, Әбу әл-Ала әл-Атахия жырларын қазақша сөйлеткен.
Әбу-әт-Тайиб –әл Мүтәнәбби, Әбу-әл-Ала-әл-Маари секілді шаирлары да қоғам және мемлекет қайраткерінің қызығушылығын тудырғаны байқалады.
Әрине, Рудаки, Омар Хайам, Жәләләддин Руми, Саади жырларын көркемдеп аударуға талпынған.
Бұдан бөлек, Үнді поэзиясының классиктері Бхиртрихари, Назрул Исламды да тәржімалаған.
Орыс ақындары
Бұл топтаманың екінші бөлігінде әлемге машһүр орыс ақындарының аудармасы жарияланыпты. Олардың ішінде, Пушкин, Лермонтов, Гумилев, Северянин, Фет секілді дүлділдер де бар.
Әрине, кітаптың үшінші бөлігінде Заманбек Қалаубайұлының жүрегінен жарып шыққан өз өлеңдері берілген. Заманбек Нұрқаділовтің Мақпал Жүнісоваға арналған жыр жолдарын осы бөліктен кездестіруге болады.
Автор өзінің кәсіби аудармашы, ақын емес екенін жақсы біледі. Мұны мойындап та кеткен. Мақсаты ұлы шайырларды қазақша сөйлету болғанын да жазған. Қазіргі батысшыл жастарды «тамырының шығыста екенін ұмытпауға» шақырады.
Заманбек ескерткіші
2024 жылы 2 желтоқсанда Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюст ашылды. Мүсіні туған жері Алматы облысы Кеген ауданы орталығына қойылды. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі мұрындық болған. Сондай-ақ, Кеген ауылындағы өнер мектебіне есімі де берілді.
Алматы қаласының бүгінгі келбетіне Заманбек Нұрқаділовтың қосқан үлесі мол. Өйткені, ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары – 1992 – 1994 жылдар аралығында қаланың әкімі болды.
Басты көшелеріне Қазақстан тарихындағы көрнекті тұлғалардың, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің аты осы кезде берілді. Қолында Қазақстанның төлқұжаты бар баспанасыз адамдарға үй салуға тегін жер берілді. Сол кезде Шаңырақ, Бақай, Қалқаман, Таугүлдің бір бөлігі, Новаидің жоғары жағы, Рысқұлов даңғылының төменгі бөлігі, Думан ықшам аудандары бой көтерді.