2026 жылдан бастап несие мен ипотека алу қиындай түседі

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: shutterstock

2026 жылдан бастап кез келген несие, ипотека алу қиындай түседі. Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сондай заң жобасын дайындап жатыр.

Енді ипотекаға үй аламын, кредитке машина аламын деген қазақстандықтар жақсылап дайындалғаны дұрыс. Егер төмендегі критерийдің біріне сай келмесеңіз, банк сізді «тәуекелі жоғары» немесе қызыл топқа жатқызады. Онда несие алуға мүмкіндік азаяды. Яғни егер:

  • Кредиттік тарихы 3 жылдан аз;
  • Соңғы бір жылда несиесін 30 күннен аса және 3 АЕК-тен көп (11796 тг) сомаға кешіктіру болған;
  • Бір мезетте 3 немесе одан көп қаржы ұйымынан несие алған;
  • Қарыз жүктемесі айлық табыстың 45%-нан көп болған;
  • Кірісін растай алмайтын (мысалы, бейресми жұмыс істейтіндер);
  • Кредиттік тарихы негатив азаматтарға несие беруден бас тартуы мүмкін.

Егер адам «жоғары тәуекелді» деп танылса, банк несие бермес бұрын дефолт тәуекелін есептейді. Яғни берген қарызды қайтару ықтималдығы қанша болатынын бағалайды. Егер қарызды қайтармау қаупі 5%-дан жоғары болса, банк клиентті қатаң бақылауға алуы керек.

Бұл қазақстандықтар үшін нені білдіреді?

  • Бейресми жұмыс істейтіндерге немесе табысын дәлелдей алмайтындарға несие алу қиындайды;
  • Тіпті бір-екі күнге болсын төлем кешіктірсеңіз, ол келесі жолы несие алуыңызды қиындатады
  • Бірнеше банктен несие алғандар да тәуекел тобына енуі мүмкін;
  • Несие берілген күннің өзінде, банк тұрақты бақылау жүргізуі мүмкін – бұл жаңа несие алуға кедергі болады;
  • Банктер салық декларациясын (егер міндетті болса) тексеріп, бухгалтерлік және салық есептері арасындағы сәйкессіздікті анықтайды. Егер негізгі қаржылық көрсеткіштер бойынша айырмашылық 30%-дан асса — бұл да ескерілетін болады.

Бұл өзгерістер ипотека алуға үміткерлер үшін үдерісті ашық етеді бірақ қағазбастылықты да көбейтеді. Олар банктік жүйедегі тәуекелдерді азайтуға бағытталғанымен, жұмысын енді бастағандар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және табысын растай алмайтындар үшін мүмкіндік азаюы мүмкін.

Жаңа ережелерді Қаржы нарығын реттеу агенттігі және Ұлттық банк өкілдері бірлесіп дайындады. Оған банктерге тұтынушылардың құқығын қорғауды міндеттейтін нормалар да енгізілген. Әзірге 12 мамырға дейін ашық талқылауда жатады.

Сондай-ақ оқыңыз