Атыраудағы зауыт мұнай өңдеу тарифін төмендетеді

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС 1 мамырдан бастап мұнай өңдеу тарифін төмендетеді. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Жаңа тариф қосылған құн салығын есепке алмағанда, бір тонна үшін 47 000 теңгені құрайды. Бұл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 7 450 теңгеге арзан. Бұған дейін тариф бір тонна үшін 54 450 теңге болған (ҚҚС-сыз)», – деп жазылған компания хабарламасында.
Тарифті төмендету туралы шешім мұнай өндіруші компаниялардың табысын теңестіру үшін қабылданды. Компания хабарлауынша, бұл еліміздегі барлық мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізушілер үшін бірдей жағдай жасауға әрі экономикалық ахуалды теңестіруге ықпал етуі қажет. Сонымен қатар, ішкі нарықтағы мұнай өнімдерін одан әрі нығайтуға жол ашады.
Тарифтің төмендеуі АМӨЗ-дің кредиттік міндеттемелерін өтеу кестесін оңтайландыру нәтижесінде мүмкін болған.
Айта кетейік, «ҚазМұнайГазға» тиесілі Ақтаудағы «Caspi Bitum» зауытында алғашқы битум өндірілді. Зауыт 740 тонна өнімге сапа құжатын алды.