Бизнесмен Серік Толықпаев Шымкентте шұжық зауытын салады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Серік Толықпаев / Фото: Forbes.kz

Кәсіпкер Серік Толықпаевқа тиесілі AITAS холдингі Шымкенттегі «Бозарық» индустриялық аймағында шұжық өндіретін зауыт салады. Кәсіпорын жылына 50 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жайлы холдингтің баспасөз қызметі хабарлайды.

«Бұл — Орталық Азияда теңдесі жоқ ауқымды жоба. Ол біздің азық-түлік компаниясына трансформациялану жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиямызға сай келеді және Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетін арттырады. Қазірдің өзінде жер телімі анықталып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Зауыт толық қуатына 2033 жылы шығарылады деп жоспарланған», — деді AITAS холдингінің негізін қалаушы және инвестор Серік Толықпаев.

Инвестиция көлемі шамамен 18,6 млрд теңгені құрайды. Жобаны екі кезеңмен жүзеге асыру көзделіп отыр: әрқайсысының қуаты 25 мың тонна болатын өндірістік желілер іске қосылады. Кәсіпорында 500-ден астам жұмыс орны ашылады.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бұл жобаның әлеуметтік маңыздылығына тоқталды. Жаңа зауыт салынуы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінде де, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен кадр әлеуетін дамытуда да маңызды қадам екенін атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы бағытындағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің практикалық тәжірибе алуына жағдай жасау аса маңызды. Жастардың нақты өндірістік жобаларға қатысуы білікті мамандар даярлауға және саланың кадрлық резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Ғабит Сыздықбеков.

Серік Толықпаев — Aitas KZ компаниялар тобының мажоритарлық акционері және директорлар кеңесінің мүшесі. Бұл топқа құс етін өндіру, өңдеу және дистрибуциялау саласындағы 15-тен астам кәсіпорын кіреді. Олардың қатарында Ақмола облысындағы Макинка құс фабрикасы, Шығыс Қазақстан облысындағы Өскемен құс фабрикасы және Алматы облысындағы асыл тұқымды құс репродукторы бар. Өнімдер «Кус&Вкус» және «АМП» брендтерімен шығарылады.

Толықпаев 2024 жылы Forbes нұсқасы бойынша «Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер» тізімінде 32-орынды иеленді.

Сондай-ақ оқыңыз