Кашмирдегі атыстан кейін, Үндістан мен Пәкістан қарым-қатынасы бұзылды

Кашмирдегі жаппай атыстан кейін, Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс күшейді.
Үндістан билігі Пәкістан азаматтарына берілген барлық визаларды жойып, екі ел арасындағы жалғыз шекара өткелін жапты. 1960 жылдан бері қолданылып келе жатқан Инд өзенін бірлесіп пайдалану жөніндегі келісімді де тоқтататынын мәлімдеді. Бұл келісімге кезінде Дүниежүзілік банк араласқан және ол екі ел үшін де маңызды су көзін тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп келген.
Пәкістан да жауап ретінде:
- Үндістан азаматтарына берілген визаларды қайтарып алды;
- Үндістан әуе компаниялары үшін әуе кеңістігін жапты;
- Бірқатар үнді дипломатын елден шығарды;
- Сауда операцияларын тоқтатты;
Екі ел арасындағы бұл әрекеттер аймақтық тұрақтылыққа елеулі қауіп төндіруі мүмкін, себебі Үндістан мен Пәкістан – ядролық қаруға ие мемлекеттер.
Қарым-қатынастың ушығуы – Үндістан бақылауындағы Кашмирде сейсенбі, 22 сәуір күні туристерге жасалған қарулы шабуылға реакция ретінде болды. Үндістан билігі бұл оқиғаны террористік акт деп бағалады. Нью-Дели тікелей Исламабадты айыптамағанымен, шабуылға жауапкершілікті өз мойнына алған «Лашкар-и-Тайба» атты аз танымал сепаратистік топтың Пәкістанмен байланысы барын мәлімдеді.
Ал Пәкістан үкіметі, өз кезегінде, қақтығысты ушықтырғысы келмейтінін айтып, Кашмирдегі шабуылға қатысы жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.