Көкшетаудағы жылу қазандықтарын жөндеуге 1 млрд теңге бөлінді

Үкімет резервінен Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы жылу көзінде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1,1 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды үкімет баспасөз қызметі.
Қаражат 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық пен оны үздіксіз өткізу мақсатында Көкшетау қаласындағы жылу көзінде (РК-2) жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Ақмола облысының бюджетіне аударылды.
«Бұл қаржы «Кокшетау жылу» кәсіпорнының су жылыту пылеугольді қазандығының технологиялық процестерін автоматтандырылған басқару жүйесін және бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматикасының далалық деңгейін қайта құру жобасын іске асыруға бағытталады. Сонымен қатар, қазанды агрегаттың жылу беттерін, ауа үрлегіш қондырғылардың корпустарын жөндеуге және технологиялық ресурсы таусылған жабдықтарды жөндеу мен ауыстыруға жұмсалады», – деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, Көкшетау қаласындағы нысандарды жылумен жабдықтау РК-1 (мазут) және РК-2 (көмір) қазандықтары арқылы жүзеге асырылады. Алайда негізгі жылу көзі – пылеугольді РК-2 қазандығы болып табылады. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 188,7 км, оның ішінде магистральдық желілер – 51 км, ішкі кварталдық желілер – 137,7 км. Желілердің басым бөлігі 1977 жылдан бері пайдаланылып келеді.