Қытай фабрикалары өндірісті тоқтатып, жұмысшыларын демалысқа жіберіп жатыр

АҚШ президенті Дональд Трамп бастаған сауда соғысы салдарынан Қытай фабрикаларында өндіріс қарқыны бәсеңдеп, жұмысшылар ақысыз демалысқа шығарыла бастады. Бұл туралы Financial Times жазады.
Financial Times-қа берген пікірлерде жұмысшылар бос тұрған цехтардың суреттерімен бөлісіп, фабрикаларда өндіріс тоқтап тұрғанын хабарлаған. Кей зауыттарда жұмыс бір аптаға немесе одан да ұзақ уақытқа тоқтаған.
Фуцзянь провинциясындағы пластмасса өндіретін зауыттың 28 жастағы жұмысшысы: «Біздің экспорттық тапсырыстар жоғалып кетті, сондықтан уақытша тоқтадық. Бір аптадан бері өндіріс жүріп жатқан жоқ», – дейді. FT тілшісі пікір алған Guangdong провинциясындағы үш фабрика рекрутері де жұмыс қысқарып жатқанын айтады.
«Көп зауыттар артық сағаттар мен демалыс күнгі жұмысты қысқартып жатыр. АҚШ-қа қатты тәуелді кей фабрикалар барлық қызметкерін демалысқа жіберді», – деді қытайлық фабрика өкілі.
DeHong Electrical Products компаниясы қызметкерлерге бір айлық ең төменгі жалақы сақталатын демалыс берген.
«Біз қысқа мерзімде үлкен қысымға тап болдық. Жаңа нарық іздеу мен шығындарды оңтайландыру арқылы жағдайды қалпына келтіруге тырысып жатырмыз», – деді зауыт өкілі.
Hangzhou Stellarmed (Чжэцзян провинциясы) – АҚШ нарығына эндоскопиялық құралдар шығаратын зауыт басшылығы қызметкерлерге сәуірдің соңына дейін жаңа жұмыс табуға кеңес беріп, жұмысқа орналастыру агенттіктерімен байланыс орнатуға мүмкіндік берген.
2024 жылы Қытай экспортының шамамен 15%-ы АҚШ нарығына бағытталған. Алайда қазір АҚШ-тың Қытай тауарларына салған баж салығы 145%-дан асып, көптеген америкалық тапсырыс берушілер келісімдерді тоқтатқан. Соның кесірінен зауыттар өндірісті қысқартуға мәжбүр.