Ресей Банкі негізгі мөлшерлемені рекордтық 21% деңгейінде сақтап қалды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дерек

Ресей Банкі (Орталық банк) негізгі пайыздық мөлшерлемені 21% деңгейінде сақтап қалды. Бұл туралы реттеушінің ресми сайтында жарияланған баспасөз хабарламасында айтылған. Аталған көрсеткіш — Ресей тарихындағы ең жоғары мөлшерлеме және алғаш рет 2024 жылдың қазанында енгізілген. Содан бері бұл деңгей өзгермеген.

«Қазіргі инфляциялық қысым, оның ішінде орнықты факторлар бойынша, біртіндеп төмендеп жатыр, бірақ әлі де жоғары болып қалып отыр. Ішкі сұраныстың өсуі тауарлар мен қызметтер ұсынысының кеңею мүмкіндігінен әлі де айтарлықтай жоғары», — деп атап өтті ОБ.

Сондай-ақ, Ресей экономикасы біртіндеп теңгерімді өсу траекториясына қайта оралып келе жатқаны айтылған. Реттеуші инфляция 4%-дық мақсатқа жеткенге дейін қатаң ақша-несие саясатын ұстануды жалғастыратынын жеткізді. Бұл мақсатқа 2026 жылы қол жеткізу жоспарланып отыр. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы маусымдық түзетілген инфляция 8,3%-ды құрады.

«Бұл — қатаң ақша-несие саясатының ұзақ уақыт бойы жалғасатынын білдіреді. Алдағы уақытта негізгі мөлшерлемеге қатысты шешімдер инфляция мен инфляциялық күтулердің төмендеу қарқыны мен тұрақтылығына байланысты қабылданады», — деп мәлімдеді реттеуші.

2025 жылғы 21 наурыздағы алдыңғы отырыста да ОБ негізгі мөлшерлемені 21% деңгейінде қалдырған еді. Сол кезде реттеуші, егер инфляцияның баяулау қарқыны 4% нысаналы көрсеткішіне жетуге мүмкіндік бермесе, мөлшерлемені көтеру мүмкіндігін қарастыруы мүмкін екенін айтқан.

Осы айда Қазақстан Ұлттық Банкі де базалық мөлшерлеме бойынша шешім шығарды. Реттеуші көрсеткішті 16,5% күйінде сақтап қалды.

Сондай-ақ оқыңыз