Күдіктінің әкесі Руслан Берденовтің тезірек сауығып кетуін тілейді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалды
Руслан Берденов ісі бойынша ұсталған күдіктінің әкесі мәлімдеме таратты / фото: parlam.kz

Шымкент әкімінің орынбасарына оқ атты деген күдікпен ұсталған Ернар Жиембайдың әкесі мәлімдеме таратты. Ол Руслан Берденовтің «тезірек сауығып кетуін» тілейді.

Тергеу әділдігін қалайды

Жиембай Пралиев мәлімдемесін қазақстандықтарға, Шымкент қаласының тұрғындарына, сонымен бірге БАҚ өкілдеріне арнады.

«Біздің отбасымыздың атынан 21 сәуір күні болған қайғылы оқиғаға байланысты сіздерге үндеу жолдауды жөн көрдім. Ата-ана үшін бұл жағдай — нағыз ауыр соққы болды. Бүгінге дейін ұлымыз Ернардың осындай қиын жағдайдың ортасында қалғанына сене алмай отырмыз.

Осы оқиғаға байланысты шын жүректен өкінішімізді білдіреміз. Қандай жағдай болмасын, бірінші кезекте Руслан Берденовтің тезірек сауығып кетуін тілейміз», – дейді күдіктінің әкесі.

«Келінімізді араластырмаңыз»

Бұған қоса, Пралиев «тергеу мен соттың барлық жағдайды әділ, жан-жақты қарастыратынына» сенім артады. Сонымен бірге ол көпшілікті «сабырға шақырып», олардан «нақты шешім шықпай тұрып, асығыс қорытынды жасамауды» сұрайды.

«Ең бастысы – бұл жағдайға еш қатысы жоқ келінімізді араластырмауды өтінеміз. Ол Руслан Берденовті бұрын-соңды көрмеген де, танымайды да.

Осы қиын күндері қолдау білдіріп жатқан жандарға алғысымыз шексіз. Алда бізді ауыр кезең күтіп тұр, дегенмен әділдік пен адамгершілік жеңеді деп үміттенеміз», – деп түйіндеді мәлімдемесін күдіктінің әкесі

Бұған дейін әлеуметтік желілер мен бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында «әйелге қырындағаны» туралы болжам тараған. Алайда бұл ақпаратты Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасының басшысы Айгерім Жұмақұлова жоққа шығарды.

Берденовтің шабуылға ұшырауы және күдікті туралы

Естеріңізге сала кетейік, биыл 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында атыс болып, қала әкімінің орынбасары Руслан Берденов жарақат алған. Шенеунікке ота жасалған. Дәрігерлер оның жағдайын «орташа ауыр» деп бағалайды.

Оқиға болған күні күдікті Ернар Жиембай ұсталып, полиция оның үстінен қылмыстық іс қозғады. Күдікті байланысты деген кәсіпорын – «Тұрғын үй Шымкент» – 2016 жылы маусымда тіркелген. Кәсіпорында 21-30 адам жұмыс істейді.

Заңды тіркелген орны ретінде Шымкент қаласы, Тұран ауданы көрсетілген. Ернар Жиембай бұл лауазымға 2024 жылғы шілдеде тағайындалған. Ол басқарған кәсіпорын осы уақытқа дейін мемлекетке 50 млн теңге салық төлеген

Депутат Айдарбек Қожаназаров Шымкенттегі оқиғаны «жеке бастың мәселесі» деп бағалады.

Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне 2025 жылдың ақпан айында тағайындалған. 

Сондай-ақ оқыңыз