Ерлан Қарин: Тіл мәселесін саясиландыруға жол берілмейді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ерлан Қарин мемлекет басшысының басты «месседждеріне» тоқталды / фото: Ақорда

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясын президенттің мемлекет саясатының жаңа белестерін айқындаған «елеулі оқиға» деп сипаттады.

Бес маңызды ой

Саясаткер Ассамблеяда көтерілген бес «маңызды месседжге», яғни негізгі ойға тоқталды.

«Біріншіден, көптеген түрлі қиындықтарға қарамастан, президент ұлтаралық келісімді нығайту барлық мемлекеттік органдардың ең басты міндеттерінің бірі болып қала беретінін айтты», – деп жазды Қарин телеграм-арнасына.

Ол Тоқаевтың Ассамблея қызметіне жоғары баға беруін екінші ойға жатқызды.

«Үшіншіден, президент қазақ тілі біртіндеп ұлтаралық қатынас тіліне айналатынын тағы қайталады. Бірақ бұл мақсатқа біз эволюциялық жолмен жылжып келе жатырмыз. Мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуді асықпай, ақылмен шешу керек. Тіл мәселесін саясиландыруға, арандатуға жол берілмейді«, – деп есептейді кеңесші.

Саясаткер төртінші және бесінші «месседждер» деп тарихқа жаңа көзқарас пен ұлттық мүддені атаған.

«Бесіншіден, президент ішкі және сыртқы саясат әлдебіреудің айтуымен емес, ұлттық мүддеге сай жүретінін атап өтті», – деп түйіндеді мемлекеттік кеңесші.

Қарин қазақ тілі туралы

Сонымен бірге Ерлан Қарин қазақ тілінің мәртебесі туралы пікірін Facebook-тегі парағына тарқатып жазды. Ол кешеден бері әлеуметтік желілерде тіл мәртебесіне қатысты «әртүрлі пікір айтылып, қызу талқының тақырыбына айналғанын» атап өтті.

«Ой бөліскен, көзқарасты ашық білдірген дұрыс. Бірақ «билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме, даурықпа сөз. Аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы», – деп жазды кеңесші.

Оның пікірінше, қазақ тілінің болашағына қатысты «пессимистік ойдан арылатын уақыт жетті».

«Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсінуіміз керек: мемлекеттік тілдің мәртебесі «ұр да жық» әдіспен өспейді. Қазақ тілін қалқан етіп популистік әрекетпен айналысуға болмайды. Нағыз тілге жанашыр адам бұлай жасамайды», – деп есептейді саясаткер.

Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІV сессиясы 24 сәуірде өтті. Онда резидент Қасым-Жомарт Тоқаев  қазақ тілі мәселесіне тоқталды.

«Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады», – деді президент.

Ерлан Қарин Мемлекеттік кеңесші қызметіне 2022 жылғы маусымда тағайындалған. Оған дейін президенттің көмекшісі болған. «Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.

Сондай-ақ оқыңыз