Су тасқыны: Есіл өзені арнасынан асып, ауыл тұрғындары көшіріліп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты Тепличное ауылының тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру туралы шешім қабылданды. Өңірде Есіл өзені арнасынан асты.
Есіл тағы тасыды
СҚО әкімдігінің мәліметінше, эвакуация 25 сәуір күні сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі.
«Азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Кызылжар ауданының Тепличное ауылында алдын ала эвакуация жүргізу туралы шешім қабылданды.
Көлікпен тасымалдауға мұқтаж тұрғындар үшін арнайы көлік және жедел жәрдем қызметтері ұйымдастырылады. Қосымша ақпарат алу үшін +7 7153 82 12 01 нөміріне хабарласуыңызға болады», – деп хабарлады облыстық әкімдік.
Ауыл тұрғындары Бескөл ауылындағы №2 орта мектепке, Петропавлдағы жатақханаға орналастырылады.

Ту тасыған өңірде министр жүр
Оқиға орнында төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтер, жергілікті атқарушы органдар және басқа да мекемелердің өкілдері жұмыс істеп жатыр.
«Барша тұрғындарды сабыр сақтап, жедел қызметтердің нұсқауларын қатаң сақтауға шақырамыз. Тепличное ауылындағы бөгетті нығайту жұмыстары тоқтаған жоқ», – деп сұрайды өңір басшылығы.
Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, Есіл өзені деңгейінің көтерілуіне байланысты Тепличное ауылы маңында жағалаулар нығайтылып жатыр. Министрлік басшысы генерал-майор Шыңғыс Әрінов Солтүстік Қазақстан облысында жедел қызметтердің іс-қимылын үйлестіреді.
«Ол нығайту жұмыстарына инспекция жүргізді. Құрылымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етіп, су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуын бақылап отыр», – деп хабарлады ТЖМ.

Министрлік мәліметінше, су тасқынына қарсы іс-шараларға ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдардың Ұлттық ұланның және ТЖМ әскери бөлімдерінің жеке құрамынан 1 600-ден астам адам, 152 арнайы бірлік техника жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта су сору, қорғаныш құрылыстарын нығайту, сонымен бірге су деңгейі мен гидротехникалық объектілердің жай-күйін тәулік бойы бақылау жүргізу жұмыстары атқарылып жатыр.
Жағдай ТЖМ тұрақты бақылауында деп хабарлайды құтқарушылар. Шұғыл қызметтер тәулік бойы жұмысын істейді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 28–30 сәуірде Петропавлда су тасқыны шарықтау шегіне жететіні хабарланған. СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, биыл Сергеев су қоймасында алғаш рет үшінші толқын байқалды.