Apple АҚШ-та сатылатын iPhone смартфондарын Үндістанда шығарады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Apple iPhone өндірісін Қытайдан Үндістанға көшіріп жатыр / фото: REUTERS/Florence Lo

Apple корпорациясы АҚШ-та сатылатын iPhone смартфондарының көп бөлігін 2026 жылдан бастап Үндістанда шығарады деп жазды Bloomberg.

Осылайша америкалық компания Қытайдағы өндірісін біртіндеп Үндістанға көшіріп жатыр. Себебі АҚШ Бейжіңге қарсы баж салығын көтергені мәлім.

Apple Құрама Штаттарда бір жылда 60 миллионнан аса iPhone сатады. Өнімдердің дені шетелде шығарылады. Вашингтон мен Бейжің арасы салқындаған уақытта корпорация баж салығын төлеу арқылы қосымша шығынға батқысы келмейді.

Үндістан өндіріс орталығына айналуға ұмтылады

Компания Үндістанда бір жылда 22 млрд доллардың iPhone смартфондарын шығарған. 2025 жылғы наурызда өндіріс 60%-ға артты. Енді Apple смартфондарының 20%-ын немесе әрбір бесінші айфонды осы елде шығарып отыр. Дегенмен ірі өндіріс базасы Қытайда орналасқан.

Осының алдында АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі электронды тауарларды, соның ішінде смартфондар мен компьютерлерді қосымша баж салығынан босатқан. Бұл Apple секілді компаниялар үшін жағымды жаңалық. Дегенмен Трамп жеңілдіктерінің Қытайға қатысы жоқ секілді. Өйткені әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда соғысының аяқталатын түрі көрінбейді.

Трамп қытай тауарларына қосымша баж салығын 145%-ға дейін көтеріп жібергені мәлім. Сол себепті ірі технологиялық компаниялар жағдайдың әрі қарай қалай өрбігенін күтіп отыра алмайды. Apple де бірден әрекетке көшті.

Енді корпорация смартфондарының титаннан жасалатын қымбат iPhone Pro үлгілерін тек қана Үндістанда шығарады. Оның үстіне бұл ел мемлекеттік субсидиялар бөліп отыр. Үндістан премьер-министрі Нарандера Моди елді өндіріс орталығына айналдыруға ұмтылып жатыр.

iPhone жаңалықтары

Енді Apple Watch көмегімен жүрек қағысын бағамдап, тіпті ЭКГ жазуға болады. Денсаулық сақтау министрлігі мен Apple өкілдері келіссөз жүргізді. Соның арқасында маңызды цифрлы қызметтерге жол ашылды.

Енді тіл білмесеңіз де, шетел азаматымен шынайы өмірде еркін сөйлесе аласыз. Apple Inc. екеуара әңгімені бірден тікелей аударатын AirPods жаңа функциясын енгізгелі жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз