Дональд Трамп: Қытай басшысының өзі хабарласқанын әлсіздік деп есептемеймін

АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдеуінше, оған Қытай басшысы Си Цзиньпин қоңырау шалған. Ақ үй Бейжіңнің мұндай қадамын «әлсіздік» деп есептемейді.
Қытай мен АҚШ татуласа ма?
Reuters мәліметінше, Қытай басшысы оған сауда және басқа да келісімдерге қатысты жоспарын жеткізген. Трамп Сидің өзі хабарласқанын жұма, 25 сәуірде TIME басылымында жарияланған сұқбатында айтқан.
Ақ үй басшысының мәлімдеуінше, оның әкімшілігі Қытаймен саудаға қатысты келіссөздер жүргізіп жатыр.
«Ол қоңырау шалды. Мен мұндай қадамның оның әлсіздігі деп есептемеймін», – деген Құрама Штаттар президенті.
Алайда Трамп Сидің нақты қай күні хабарласқанын айтпады. Бұған дейін Қытай сыртқы істер министрлігі Вашингтонды тарифтер жөнінде екіжақты келіссөздер бойынша «қоғамды адастыруды» доғаруға шақырған.
Трамптың айтуынша, АҚШ сауда салығы бойынша келісімшартқа отыруды үш-төрт аптадан соң аяқтауды көздеп отыр.
Қырым кімдікі?
Бұған қоса, Ақ үй басшысы Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы жағдай, Иранмен келіссөз және басқа да өзекті мәселелер бойынша пікір айтты.
«Қырым Ресейде қалады. Зеленский де, басқалары да түбектің ұзақ уақыт соған бағынышты болғанын түсінеді. Ол Трамп дүниеге келерден бұрын соған бағынышты болған», – деп мәлімдеді Құрама Штаттар басшысы.
Трамптың пікірінше, АҚШ пен Иран ақыры ортақ келісімге келеді.