“Кредит тегін ақша емес”: қарыздың үстемақысын қалай есептеу керек

Қазақстанда банктердің кредиттік пайызы 46% дейін жетеді. Банктің негізгі мөлшерлемесімен қоса, кредитті ұйымдастыру, есепшот жүргізу, қолма-қол ақшаға айналдыру секілді комиссиялар бар. Сонда, айналып келгенде борышкер несиенің үстінен қанша төлейді? Бұл сұраққа қаржы сарапшылары KURSIV MEDIA YouTube арнасы түсірген шығарылымда жауап берді.
Сарапшылардың айтуынша, қоғам кредитті жеңіл ақша секілді қабылдайды. Сондықтан кейбір азаматтар несиені тегін беріп жатқандай пайыздарына көзді жұмып, мөлшерлемесін есептемей алуға әдеттеніп кеткен.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас сарапшысы Ғаділбек Әкімнің сөзінше, несие алу үлкен жауапкершілік пен тәртіпті қажет етеді. Сол себепті ойланып, табыс пен шығындарды есептеп барып несие туралы шешім қабылдаған жөн.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжайдың сөзінше, банктер үнемі номиналды ставканы жарнамалайды. Алайда бұл кредиттің нақты құнын көрсетпейді. Сол себепті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне назар аударған жөн. Одан бөлек, банктің өз комиссиялары бар. Соның бәрін алдын ала түсініп алған дұрыс. Қарыз алардың алдында банк менеджерінен артық төлемдер мен комиссиялар туралы сұрап алуға кеңес береді.
Несие үстемақысы туралы шығарылымның толық нұсқасын KURSIV MEDIA YouTube арнасынан көре аласыздар.