Пойызбен жолға шыққанның қандай артықшылығы мен кемшілігі бар

Жарияланды
8 Наурыз бен Наурыз мейрамы қарсаңында қосымша пойыздар жүреді
Пойыздың қандай артықшылығы мен кемшілігі бар/Фото: kursiv.media архивінен

Пойызға отырып, А нүктесінен Б нүктесіне жеткеннің өз қызығы мен шыжығы бар. Біреу үшін бұл керемет демалыс болса, енді бірі ұната бермейді. Әрине, әркім қалауын мен қалтасына қарай ыңғайлы көлік түрін таңдайтыны анық. Дегенмен бүгінгі материалымызда пойызбен жолға шыққан артықшылығы мен кемшілігін түгелдеп тізіп шыққанды жөн көрдік. Әсіресе, баламен шыққалы жүрген немесе ұшақ пен машинаның орнына пойызды нұсқа қылып қарастырып жүргендерге пайдалы болып деп сенеміз.

Пойыздың қандай артықшылығы бар?

1. Қалтаны қатты қақпайды. Бағасы әлдеқайда арзан.

          •         Билет қолжетімді. Пойыз көбіне ұшаққа қарағанда арзан болады.

          •         Жасырын салықтары бола бермейді. Оған қоса жүкке бөлек, тіркеуден өтуге бөлек, жанармайға бөлек төлеп жүрмейсіз.

          •         Отбасылы адамдарға тиімді. Көбіне зейнеткерлерге, студенттер не балаларға арнайы тарифтер болады.

2. Саяхат жайлы өтеді

          •         Пойыздың іші кең, жатып барасыз. Автобус, ұшақтармен салыстырғанда мұнда кеңістік көбірек. Отырып баратын пойыздардың өзінде көбіне орындығы үлкендеу болып келеді. Әрі-бері жүріп қайтуға да болады.

          •         Аяқ созып жатуға қолайлы. Купе, плацкарт, люкс дейсіз бе өзіңіз білесіз.

          •         Баппен қозғалады. Жүрегі көтерілетін адамдар автокөлік не ұшақты онша жақтырмайды. Мұндайда пойыз жақсы.

3. Қауіпсіздік мәселесі

          •         Ұшақтарда ауа райына байланысты ұшпай қалып, кейінге шегеріп жататын жағдай жиі болады. Ал пойызда кешігу болғанымен, түбегейлі жүрмей қалатын кезі өте сирек.

          •         Стресс азырақ. Ұшақта тексерістен тексеріс екені белгілі. Ұшардан 2-3 сағат бұрын келуіңіз керек. Одан қала берді жүгіңіздің салмағын да асып кетпесе деп уайымдайсыз. Ал пойызда ондай жоқ. 

4. Терезеден көрініс ғажап болып тұрады

          •         Пейзажы ғажап болады. Теміржол инфрақұрылымы жолға қойылған дамыған елдерде пойызбен жүру ғанибет. Мысалы Швейцария, Жапония, Грузия елдері. Бұл қатарға Қазақстанды да қосуға болады.

          •         Асықпай жүргендіктен, жолда асықпай, жан-жағыңызға қарап барасыз. Ойлануға таптырмайтын жер.

5. Ауыр жүк алып жүруге болады

          •         Сұйықтық 100 мл-ден аспасын деген шектеу мұнда жоқ. Қолжүк 5 кг деп те тұрмайды. Әрине, кей пойызда салмақты шектейді. Бірақ орта есеппен адам басына 30 келідей рұқсат етіледі. Ол бір адамға әбден жеткілікті дей аламыз.

Пойыздың қандай кемшіліктері бар?

1. Жолға кететін уақыт ұзақтау

          •         Әлбетте, тез арада жеткісі келген адамға ұшақ ыңғайлы. Себебі пойыз ұзақтау жүреді. Тіпті әуежайға бірнеше сағат бұрын бару керек болса да, пойыздағы сапар бәрібір ұзақ.

          •         Жүрдек пойыз көп болмауы мүмкін. Кей елдерде инфрақұрылым ескі болғандықтан, «есек» пойызға мінуге тура келеді.

2. Жайлы болмауы мүмкін

          •         Қасыңызға кім көрші болатыны белгісіз. Купеде де, плацкартта да осы жағы қиын. Сапарласыңыз ұнамай қалса, діттеген жерге жеткенше шыдаудан өзге амалыңыз болмайды. Келесі бекеттен түсіп қалса, қанеки. Екеуіңіз де бірнеше тәуліктік жолға шыққан болсаңыздар, онда жағдайы ауыр.

          •         Тазалық жағы кенделеу. Туалет мұнтаздай, жуынатын жер айнадай болса жақсы. Өкінішке қарай, көбіне пойыздардан осы жағы қиындау болып келеді. Төсеніш, жастық, орамалдың да тазалығына күмән келтіруіңіз ғажап емес.

          •         Температура қолайсыз болуы мүмкін. Кей пойыздарда ауа жоқ болады. Болмаса, кондиционер қатты қосылып тұрады. Содан жолаушылар тіпті ауырып қалып жатады.

3. Билет мәселесін де ұмытуға болмайды

          •         Пойыз билеттері арзан болғасын тез өтіп кетеді. Әсіресе, демалыс, мейрам кездерінде үлгермей қалуыңыз мүмкін.

          •         Бронь жүйесі кей елдерде дамымаған болуы ғажап емес. Қазақстанда мұнымен мәселе жоқ. Дегенмен шетелде алдын-ала қандай вагоннан қай орынды алғаныңызды біле алмайсыз десе, таңғалмаңыз.

          •         Қалаған жеріңізге тіке бармауы мүмкін. Егер баратын жеріңіз алыста болса, пойыздан түсіп келесі станцияға отырып, не артынша такси шақырып басқа жаққа баруыңызға тура келеді.

4. Маршрут шектеулі

          •         Сізге керек жерде пойыз бармауы мүмкін. Әсіресе, шалғай аймақтар мен шағын қалаларда пойыз жүрмейді. Теміржол жоқ.

          •         Кесте бойынша жүреді. Үлгермей қалсаңыз, сіз келеді деп күтіп отырмайды. Ал автобустарда кейде ескертіп сәл күтуін сұрауға болады.

5. Жолға керек тамақ мәселесі

          •         Кей пойыздарда мейрамхана-вагон болмайды. Болса да, кейбірінің мәзірінде іліп алар тамақ болмайды. Кейде тұзы да, татымы да жоқ болып шығады.

          •         Өзіңізбен тамақ ала жүруіңіз керек. Бұл барлығына бірдей қолайлы бола бермейді. Әлбетте, кей адамдарға керісінше, пойызда ішкен тамақ өтімді болады. Сондықтан мұны кемшілікке де, артықшылыққа да жатқызуға болады.

Қорытынды: кімге пойызбен сапарға шыққан қолайлы болады:

Егер сіз:

          •         асықпай, бір сарынмен, аяқ созып қойып барғыңыз келсе;

          •         бала-шағамен бірге саяхатқа шығатын болсаңыз;

          •         экологиялық тұрғыда тиімді көлік түрін қаласаңыз;

          •         көбірек жүк алып, оған еш қиналмайтын болсаңыз;

          •         терезеге көз тастап қойып, жолда ойланып барғанды жақсы көретін болсаңыз, онда сізге пойызбен сапарға шыққан жақсы.

Ал енді:

          •         жылдам жеткіңіз келетін болса;

          •         анда-мұнда мініп-түсіп жүргіңіз келмесе;

          •         сіз үшін қызмет көрсету сапасының жоғары болғаны маңызды болса, онда сізге дұрысы ұшақ не автокөлік таңдаған абзал.

Еске сала кетсек, бұған дейін баламен сапарға шыққан ата-аналарға керек болатын лайфхактар туралы жазып, гайд жариялаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз