Жасанды интеллект маркетплейс сатушыларына қалай көмектеседі

Жарияланды 25 Сәуір 2025 08:15

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Жасанды интеллект маркетплейс сатушыларына қалай көмектеседі/Фото: Мерей Тлеугазиннің жеке мұрағатынан

Қазақстанда e-commerce саласы кейінгі жылдары қатты қарқынмен дамып жатыр. Таяқтың екінші ұшы сол — соған байланысты маркетплейстер ішіндегі процестер күрделене түседі. Бәсеке қызып жатқасын сол додада төтеп беріп, логистика, пікірлер, маусымына қарай сауда қарқынын реттеп отыру үшін сатушылар көбіне жасанды интеллект көмегіне жүгінеді. Осы ретте назарыңызға қазақстандық сатушылар ЖИ арқылы қалай шаруасын дөңгелетіп жатқаны туралы шолу дайындадық. Нақты кейстерді отандық нарықта e-commerce жобаларына AI-шешімдер енгізумен айналысатын IT-маман — Мерей Тлеугазинмен талдадық.  

Қазақстандық электрон сауда көрінісіне шолу

Отандық e-commerce нарығында экспансия қарқынды жүріп жатыр. Оған дәлел ретінде мына фактілерді келтіре аламыз:

  • 2020 жылы онлайн-сауда көлемі 0,48 трлн теңге болса, 2023 жылы ол 2,4 трлн теңгеге өскен;
  • 2024 жылдың бірінші жартысында бөлшек сауда құрылымындағы онлайн-сауда үлесі 16,6%-ға жеткен;
  • 2023 жылы өсу қарқыны бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 79%-ға өскен.

Бір қарағанда, әлемдік көшке ілескеніміз жақсы-ақ. Дегенмен мұндайда түрлі челленжбен бетпе-бет келуге мәжбүр боламыз. Атап айтқанда, ассортиментті кеңейтіп, логистиканы басқаруға және пікірлерді қарап отыруға адам күші жетпей, автоматтандыруға тура келеді. Міне, дәл осы ретте жұмысты өнімді қылуға жасанды интеллект көмекке келеді.

«Қазақстандағы e-commerce саласында жасанды интеллект қолайлы болғасын ғана емес, жалпы алғанда инфрақұрылым жағынан аса қажет болғасын енгізіліп жатыр. Егер сатушы жүздеген позиция мен пікірді қолмен өңдеп, басқарып отырса, онда ұтылып қалады. Бұл жерде тіпті алпауыт ойыншылардан ғана емес, жай ғана автоматтандырудың жолын тапқандардан да артта қалып қояды», — дейді Мерей Тлеугазин.

Неге жасанды интеллект нақ осы маркетплейс сатушыларына өте керек?

Қазақстандық маркетплейс сатушыларының 60%-дан астамы — ресурсы шектеулі шағын және орта кәсіп иелері екен.  Оларда:

  • Бөлек арнайы аналитик жалдап қоятын мүмкіндік жоқ;
  • BI не CRM енгізе алатын командасы жоқ;
  • Пікірлерді, баға мен қорды қолмен басқарып отыратын уақыт жоқ.

Мұндайда сатушыға сенімді серік болатын — жасанды интеллект. Ол бір өзі ондаған функцияны атқара алады. Тауар картасының сипаттамасына жазатын мәтінді ойластырады, сұраныс қандай болатынына талдау жасайды дегендей.

Сатушының күйбең тірлігіне ЖИ қалай көмектесе алады?

Жасанды интеллект бағаны қалай өзгертіп отыру керегін біледі. Машинаны үйрету технологиясының арқасында:

  • Бәсекелестерде не өзгеріс барын біліп отырасыз;
  • Қоймада қанша тауар қалғанынан хабардар боласыз;
  • Маусым қызатын және сұраныс түсетін кезді білесіз;
  • Тұтынушылардың белсенділігін бақылап отырасыз.

«ML алгоритмдерін AWW платформасына енгіздік, — дейді Мерей Тлеугазин. — Жүйе ондаған параметрге реал тайм режимде анализ жасай алады. Соның арқасында тауар бұрынғыдай артылып қалмайтын болды. Әрі маңызды деген позициялардың маржасы да әжептәуір өсті».

Мұндай қадамдар, әсіресе, промо-кампаниялар кезінде өте керек. Себебі ондай уақытта бағаны қолмен өзгертіп отыруға шама болмайды.

Клиент сервиске жасанды интеллектіні қалай пайдалануға болады?

Жасанды интеллект клиенттердің уақытын үнемдеуге көмектеседі. Бірден жауап ала алған соң олар дүкен жайлы жағымды ой қалыптастырады. Ол аздай, күйбең шаруаны автоматтандырғанның пайдасы көл-көсір, еш зияны болмайды. Қазіргі NLP-жүйелердің көмегімен:

  • Түскен сұраныстың эмоциялық мәніне қарай сөйлесу мәнерін де бейімдеуге болады;
  • Айтпай жатып-ақ, болуы мүмкін мәселені болжауға болады;
  • Проактив шешімдер ұсынады.

«Біздегі бір кейсті атап өтейін. Қазақстандық бір алпауыт ритейлерде NLP арқылы үйретілген жасанды интеллектіні қосқан соң, клиенттерге бұрын 30 минутта жауап беріп келген болса, енгізген соң 4 минутқа дейін қысқарған. Ол аз болса, клиенттер тарапынан жауапқа көңілі толғандар үлесі 67%-дан 89%-ға өсіпті», — дейді сарапшы.

Мұндай жүйелер жүздеген хатты дереу өңдеп, қолдау қызметінің жұмысын жеңілдетеді.

Сұранысты болжау және логистиканы басқару мәселесінде ЖИ не істей алады?

Жасанды интеллект әлеуметтік медиа деректерді, іздеу жүйелеріндегі трендтерді, промо-оқиғаларды комбинациялай алады. Соның арқасында:

  • Маусым қызған кезде сұранысты реттейді;
  • Қандай тауар алуға болатынын ұсынады;
  • Қоймаларға қорды бөліп отырады;
  • Маркетиңге бөлінетін бюджетті бейімдейді.

« Wildberries-те техника сататын сатушы жеңілдік кезінде шаңсорғыш бітіп қала береді деп  мәселесін айтқан еді, — дейді Мерей. — Содан біз маусымды да, әлеуметтік желілердегі мінез-құлық сигналдарын ескере алатын болжам моделін енгізіп көрдік. Нәтижесінде сұраныстың 35 пайызға өсетін кезін дөп тауып, логистикалық стратегия жасауға көмектесті. Осылайша бұрын тауар қолжетімділігі 67%-дан 96%-ға өсті. Ал одан түсетін табыс болжаған мөлшерден 45%-ға асып түсті».

Жағымсыз пікірмен жұмыс қалай жүреді?

Жағымсыз пікір жазылса, тауар картасы соңына қарай ығысып, конверсия төмендейді. Алгоритм солай жұмыс істейді. Ал енді жасанды интеллект мұндайда былай көмектесе алады:

  • Пікірлер мәнерін, тонын түсінеді;
  • Өтемақыны проактив түрде ұсына алады;
  • Негатив пікірді басталар-басталмастан «өшіріп» тастауға мүмкіндік береді.

«Бірде Ozon-да балалар киімін сататын сатушыда жағымсыз пікір қатты көбейіп кетеді. Содан біз мұндай пікірлерді автомат түрде өңдеп отыратын NLP-ботты іске қостық. Осылайша жағымсыз пікірлер 3 есе азайып, қайтадан тапсырыс беретіндер саны 30 пайызға өсті», — деп шынайы кейсті атап өтті Тлеугазин.

Қазақстанда ЖИ-ді енгізуге кедергі келтіріп жатқан дүниелер бар ма?

KPMG ұсынған деректерге қарасақ(2025) ірі компаниялардың 50%-ы мен шағын және орта кәсіп иелерінің 32%-да ғана қалыптасқан AI-стратегия бар екен.

Басты кедергілер мынадай:

  • Аймақтарда инфрақұрылым жоқ (дата-орталықтар, клауд платформалар);
  • ML және аналитика бойынша мамандар тапшы;
  • Шағын бизнестегілердің қалтасы көтере бермейді;
  • Дижитал сауат әлі де төмен. Сатушылардың көбі әлі толыққанды талдау жасамайды;
  • Қазақстандық клиенттердің ішінде әлі күнге дейін автомат жауаптан гөрі «тірілей» сөйлескенді жақсы көретіндер көп. Сенім жоқ.

Алда не күтуге болады?

Жасанды интеллект сатушының орнын толық баса алмайды, әрине. Бірақ жұмысына жеңілдетіп, қолғабыс қыла алады. ЖИ болса, бизнес-логика керек емес деп ойлауға болмайды. Әйтсе де, керек шешімдерді дер кезінде қабылдауға көмектеседі. Astana Hub берген бағаға сүйенсек, аналитика мен ЖИ-ді жүйелі түрді қолданатын компаниялар операциялық маржасын 8-10%-ға көбейте алады. «Жасанды интеллект — «таңдаулы» адамдар ғана арналған құрал емес. Сіз тіпті 10 тауарды ғана маркетплейске салып бастаған адам болсаңыз да, жақсы нәтижеге жету үшін маңызды процестерді автоматтандыруды бастап кетсеңіз болады», — деп сөзін түйіндеді сарапшы.

Еске сала кетсек, бұған дейін қытайлық маркетплейстердің нарықты жаулап жатқаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз