
Бүгінде елімізде ресми түрде тіркелген 265 пана іздеуші мен 301 босқын өмір сүруде. Олардың басым бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысында тұрады.
Республика аумағын паналаған барлық шетелдіктер Қазақстанның босқындарға қатысты халықаралық қоғамдастық алдындағы міндеттемелеріне сәйкес мемлекет тарапынан қорғаумен және қолдаумен қамтамасыз етілген.
«Қазақстан аумағындағы пана іздеушілер мен босқындардың құқықтық жағдайына орай туындаған қоғамдық қатынастары босқындар құқығы саласындағы халықаралық заңнама қағидаттарына негізделіп қабылданған «Босқындар туралы» Заңмен реттеледі. Бұл қағидаттар атап айтқанда: жер аударылмау, босқын мәртебесін берудің ашықтығы мен қолжетімділігі, кемсітпеушілік, ақпараттың құпиялылығы, отбасының бірлігі және босқындардың балаларының құқықтарын қорғау секілді мәселелерді қамтиды»,– деп хабарлады Еңбек министрлігі.
Ведомствоның мәлімдеуінше, босқындар мен пана іздеушілер еңбек бостандығы мен кәсіпкерлік қызметке де құқылы. Олардың елдегі басқа шетелдіктерден айырмашылығы, оларға еңбек қызметін жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органның рұқсатын алу талап етілмейді.
Сондай-ақ босқындар ҚР азаматтығын алуға және тұрақтап қалуға өтініш жасауға құқылы. Құжаттарды тапсыру кезінде оларға шыққан елінде сотталмағандығы туралы анықтама ұсыну талап етілмейді.
Айта кетейік, Қазақстанда ел азаматтары мен шетелдіктерді тіркеудің жаңа ережесі бекітілді. Ішкі істер министрлігі халықты құжаттандыру және тіркеу мәселелері бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларына толықтырулар енгізді.