Tesla компаниясының көлік саудасындағы жағдайы мәз емес

Жарияланды 25 Сәуір 2025 11:11

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Tesla көліктері Алматы мен Астанада көп сатылады/REUTERS/ALY SONG, бильд-редактор: Милош Муратовский
Tesla компаниясының автокөлік сатылымынан түскен кірісі 20%-ға төмендеді / 
Фото: kursiv.media архиві

Tesla саудасы құлдырап жатыр. Компания бірінші тоқсандағы кірісі төмендеп, автокөлік сатудан түскен табысы 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға азайды.

Компанияның мәлімдеуінше, Tesla табысының азаюына танымал Model Y жол талғамайтын маркасының төрт зауыттағы өндіріс шығыны артқаны себеп болған. Макроэкономиканың тұрақсыздығы да саудаға кері әсерін тигізіп отыр. 

Бүгінде компанияның қор биржасындағы жағдайы көңіл көншітпейді. Жалпы кіріс бір жыл бұрынғы 21,3 млрд доллардан 19,34 млрд-қа дейін, яғни 9%-ға қысқарды. Ал автокөлік сатылымынан түскен кіріс 20%-ға төмендеп, 14 млрд долларды құрады (2024 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 17,4 млрд доллар болған). 2025 жылдың басынан бері Tesla акциялары 41%-ға арзандап, 2022 жылдан бері ең нашар тоқсандық құлдырауды көрсетті. Алайда 22 сәуірдегі сауда жабылғаннан кейін, олардың бағасы шамамен 4%-ға өсті.

Tesla компаниясының бас директоры Илон Маск инвесторлармен өткен телеконференцияда мамыр айынан бастап Дональд Трамптың жанындағы Мемлекеттік басқарудың тиімділігі департаментіндегі (DOGE) жұмыс кестесін қысқартатынын мәлімдеді. Ол мемлекеттік мәселелерді шешуге «аптасына бір немесе екі күн» ғана арнайтынын және бұл жұмысты «президент қажет деп тапқанша» жалғастыратынын айтты.

Бүгінде Tesla көліктері қайталама нарықта көп ұсынысқа ие болып отыр. Қазақстандағы саудасын алатын болсақ, Астана мен Алматы тұрғындарының қатты қызығатыны байқалады. Осы екі қаланың тұрғындары Tesla көліктерін жиі алып, қайта сататыны аңғарылып отыр. Tesla көліктері Қазақстанда қолжетімді болып келеді. Әсіресе, мінілгендері.

Сондай-ақ оқыңыз