Әр брендке – өз люксы: Chery Lepas атты премиум марка шығарады

Әлемдік автонарықта баяғыдан қалыптасқан бір үрдіс бар: ірі автоконцерндердің әрқайсысы өзіне тән премиум бренд жасап шығаруға ұмтылады. Әдетте ол жай ғана көлік емес, сән-салтанатпен, барынша сапалы, технологиямен және ерекше стильмен байланыстырылатын марка болады. Toyota – бұқаралық сегмент, ал Lexus – бизнес-класқа арналған жайлы өмірдің символы. Hyundai өз кезегінде BMW мен Mercedes-Benz-пен бәсекелесу үшін Genesis брендін құрды. Тіпті Citroen де үйреншікті шеңберден шығып, DS Automobiles маркасын ұсынған. Бұл – жапондардан бастап еуропалықтарға дейінгі барша автоөндірушілер жүріп өткен жол.
Алыптар жолы
Енді бұл жолға Қытай да түсті. Қытайлық автоөндірушілер әлемдік нарыққа батыл қадам басып келеді. Ал олардың жоспары артқан сайын, қарапайым ғана қолжетімді көлік ұсынудан бөлек, әлдеқайда жоғары сападағы өнім жасауға деген ұмтылыс та байқалады. Бірнеше жыл бұрын бұл бағытта алғашқы болып Nio мен Zeekr жол бастаған еді. Енді оларға Қытай автоөнеркәсібінің алыптарының бірі – Chery қосылды.
Шанхай автосалонында Chery жаңа жаһандық бренд – Lepas-ты таныстырды. Бұл марка өмір сүру сапары жоғары болуды қалайтын тұтынушыларға арналған. Lepas атауы ағылшын тіліндегі leap («секіріс») және passion («құштарлық») сөздерінен құралған. Брендтің символы ретінде гепард таңдалған – шапшаңдық, сұлулық және ептіліктің белгісі. Ал ұраны – Colorful life, masterful drive, яғни «түрлі-түсті өмір, шебер жүргізу» – бұл премиум брендтер стиліне сай келетін үндеу.
Бұрыннан таныс көлік негізінде жаңа модель
Брендтің алғашқы моделі – Lepas L8 кроссовері. Ол Қытайдың Аньхой провинциясындағы Уху қаласында орналасқан зауытта өндіріле бастады. Жаңа атау мен жаңа мақсатқа қарамастан, бұл көлік – бұрыннан таныс Chery Tiggo 8 Plus негізінде жасалған. Мұның өзі темір тұлпар өндірісінде жиі қолданылатын тәсіл. Яғни, жаңа премиум брендті ескі, сенімді платформалар арқылы шығару. Бұл әдісті жаһандық автоөндірушілердің көбі пайдаланады, Chery де солардың қатарында.
L8 өлшемдері оның кеңдігін көрсетеді: ұзындығы – 4,72 м, ені – 1,86 м, биіктігі – 1,74 м, ал дөңгелек базасы – 2,71 м. Автоға 5-7 адамға дейін сияқты. Капот астында — Tiggo 8 Plus үлгісінен таныс екі нұсқа бар: 197 а.к. қуат беретін 1,6 литрлік қозғалтқыш (7 сатылы роботпен жұптасады) немесе 254 а.к. беретін 2 литрлік қозғалтқыш (Chery-дің 8 сатылы автоматымен жұмыс істейді).
Жаһандық нарықты игеруге ұмтылыс
Lepas пен Tiggo арасындағы басты айырмашылық – позициялауында. Жаңа бренд басынан бастап жаһандық премиум бренд ретінде ойластырылған. Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Америка сынды экспорттық нарықтарға бағытталған. Яғни Lepas – жай ғана шетелге шығу емес, бірден беделді, сапалы және эмоцияға бай өнім ұсынуға талпыныс.
Сонымен қатар Шанхай көрмесінде Chery рамалы Jetour пикапын көрсетіп, қатарынан тағы бір жаңа марканы – Reaolo (немесе Rely) жария етті. Бұл – гибридті пикаптардың жаһандық нарығына бағытталған марка. Сондай-ақ Қытай автоөндірушілерінің тек өндірісті ұлғайтып қана қоймай, брендтер мен сегменттерді әртараптандыруға кіріскенін көрсетеді.
Chery бүгінде жаһандық алыптардың деңгейіне шығуға бет алды. Компанияда бұқаралық сегментке арналған көліктер, Қытайдың ішкі нарығында «премиум» бағытындағы Exeed маркасы және енді жаһандық деңгейдегі Lepas бренді бар. Бұл – жапондар мен корейлердің жүріп өткен жолын еске салады. Олар қолжетімді көліктен бастап, әлемдік деңгейдегі люкс сегментіне дейін деген ұстаныммен жүрген.
Жаңа брендтің бәсекелестері кімдер?
Нарыққа көз жүгіртсек, Lepas L8 қандай бәсекелестермен бетпе-бет келетіні түсінікті болады. Оңтүстік-Шығыс Азия мен Оңтүстік Америкада бұл сегментте Mazda CX-8, Kia Sorento, Hyundai Santa Fe, сондай-ақ Toyota Highlander мен Volkswagen Tiguan Allspace сынды қымбатырақ модельдер үстемдік етіп отыр. Lepas – премиум дизайн мен заманауи жабдықты қолжетімді бағада ұсынуға тырысады. Бұл соңғы жылдары қытай автоөндірісінің «қолтаңбасына» айналды.
Mazda CX-8 үлгісімен салыстырсақ, жапон көлігінің ұзындығы біраз артық (шамамен 5 м), алайда L8-де қуаттырақ екі литрлік қозғалтқыш (254 а.к. қарсы 231 а.к.), заманауи автомат және арзанырақ бағамен алға шығуы мүмкін. Kia Sorento көбірек технология ұсынады, бірақ толық жабдықтағы нұсқалары әлдеқайда қымбатқа түседі. Демек, баға мен жабдықтың тиімді арақатынасы шешуші рөл атқаратын нарықтарда Lepas L8 – тартымды балама болып қалуы да ықтимал.
Бренд философиясы да маңызды
Genesis – «корейлік люкс», дизайн мен технологияға екпін қойса, Zeekr – жаңа буындағы «электрлік премиум». Lepas әзірге нақты дара жолын таппаса да, өзінің стилі, атауы, символикасы және жаһандық амбициясы жоғары. Бұл маңызды бастама. Егер Chery сапа мен маркетингті дұрыс жолға қойса, бренд жоғары белестерге жетуі мүмкін.
Қалай десек те, Lepas-тың нарыққа шығуы – жай ғана жаңа логотип емес, бұл Chery стратегиясындағы жаңа кезең, бедел, эмоция және тұтынушы арманына қарай жасалған қадам. Егер Қытай автоөндірушілері бұл сегментте орныға алса, орта және премиум кластағы бәсеке одан сайын күшейеді. Ал бұл ең алдымен тұтынушы үшін тиімді. Себебі таңдау көбейген сайын бәсекелестік артып, баға тиімдірек бола түседі.
Бұған дейін сарапшылар ең сапалы көлік брендтерінің рейтингін жасаған еді. Бірінші сатыда Voyah маркасы тұр. Ол Dongfeng концернінің премиум электр және гибридті темір тұлпар жасайтын еншілес ұйымы. Одан кейінгі орында Honda, Volvo, GAC Hyptec және Wey брендтері иеленді.