
2025 жылғы наурызда Еуропа автонарығында елеулі өзгеріс тіркелді. Жаңа автомобильдерді сату көлемі бойынша Ұлыбритания көш бастады. Бір айда бұл елде 357 103 жаңа көлік сатылған. Өткен жылдың наурызымен салыстырғанда көрсеткіш 12,4%-ға артты. Бұл туралы Еуропалық автомобиль өндірушілер қауымдастығының (ACEA) хабарлады.
Ел рейтингте бірден төрт сатыға көтерілді. Көрсеткіш әдеттегі маусымдық үрдіспен байланысты: Ұлыбританияда көктемнің басында жаңа нөмір белгісі енгізіледі, осыған байланысты автосатып алулар күрт артады.
2025 жылдың наурызында ЕО, Ұлыбритания және EFTA елдерінде барлығы 1,42 млн жаңа жеңіл автокөлік тіркелген. Бұл 2024 жылғы наурызбен салыстырғанда 2,8%-ға артық. Өсімнің негізгі бөлігі электр және гибрид көліктер есебінен болды. Ал іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктер керісінше нарықтан ығыстырылып жатыр.
Электромобильдер нарығында динамика тіркелді
2025 жылдың алғашқы тоқсанында батареямен жүретін электр көліктердің (BEV) сатылымы 23,9%-ға өсіп, 412 997 бірлікке жетті. Ол ЕО автонарығының 15,2%-ын құрады. BEV сатылымының үштен екісін Германия (+38,9%), Бельгия (+29,9%) және Нидерланд (+7,9%) қамтамасыз етті. Францияда керісінше, көрсеткіш төмендеп, сатылым 6,6%-ға азайған.
Гибрид көліктерге (HEV) деген қызығушылық та арта түсті. 2025 жылдың алғашқы үш айында ЕО елдерінде 964 108 гибрид көлігі тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда 20,7%-ға артық. HEV үлесі бүгінде 35,5%-ға жетті. Өсім бойынша көшбасшы елдер: Франция (+47,5%), Испания (+36,6%), Италия (+15,3%) және Германия (+10,5%).
Қуатталатын гибрид көліктердің (PHEV) сатылымы біршама баяу өсіп, бар болғаны 1,1%-ға артты. Дегенмен, 207 048 көлік тіркеліп, бұл 7,6% үлеске ие болды. Осы сегменттегі өсімге негізінен Германия (+41,8%) мен Испания (+30,7%) ықпал етті.
2025 жылдың наурыз айында, 2024 жылғы наурызбен салыстырғанда сатылым төмендегідей өзгерді:
BEV +17,1%
HEV +23,9%
PHEV +12,4%
Осылайша, электрлендірілген көліктер (электр, гибрид, қосылатын гибрид) бүгінде Еуропа нарығының 59,2%-ын құрайды. Былтыр бұл көрсеткіш 49,1% болған. Яғни Еуропада «жасыл көлікке» көшу процесі біртіндеп емес, өте белсенді түрде жүріп жатыр.
Бензин мен дизель: құлдырау жалғасуда
Іштен жанатын қозғалтқышы бар көліктердің сатылымы тұрақты түрде азаюда. 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіштер:
Бензинмен жүретін көліктер: 20,6%-ға төмендеді, тіркелген көлік саны – 779 817 бірлік. Нарықтағы үлесі – 28,7% (2024 жылы – 35,5%).
Дизель көліктер саны: 27,1%-ға қысқарып, 9,5% нарықтық үлеске түсті.
Ең үлкен құлдырау мына елдерде тіркелді:
Франция: бензин -34,1%
Германия: -26,6%
Италия: -15,8%
Испания: -9,5%
Тек наурыз айының өзінде бензин көліктерінің сатылымы 20,7%-ға, дизель көліктерінікі 25,5%-ға азайған. Бірнеше жыл бұрын дизельді көліктер Еуропада ең танымал болған еді, ал қазір олардың үлесі 10%-дан да төмен.
Өндірушілер және нарықтық трендтер
Volkswagen Group пен Renault наурызда сатылым көлемін тиісінше 10,3% және 13% арттырып, жақсы нәтиже көрсетті. Бұл компаниялар электрлендіру бағытына белсенді инвестиция салып, аккумулятор өндірісі мен жаңа модель желілерін кеңейтіп жатыр.
Сонымен қатар, Tesla сатылымы 28,2%-ға төмендеп, Еуропадағы нарықтағы үлесі 2%-ға дейін қысқарды. Бұл төмендеу қытайлық брендтермен бәсеке, жеткізілімдегі қиындықтар және баға саясатының өзгеруімен байланысты болуы мүмкін.
Еуропадағы тағы бір маңызды тренд — Қытай автоөндірушілерінің белсенді енуі. BYD, MG секілді брендтер бәсекеге қабілетті әрі тиімді жаңа модельдер ұсынып, Германия, Нидерланд пен Скандинавия елдерінде үлесін арттыруда.
2025 жылдың алғашқы айлары Еуропадағы автонарықта электрлендіру үдерісі бұрынғыдан да жылдам жүріп жатқанын көрсетті. Электр және гибрид көліктер тұтынушылардың негізгі таңдауы болып келеді. Дәстүрлі бензин мен дизель автокөліктері артта қалып жатыр. Осы үрдіс, сарапшылардың болжамынша, тек күшейе береді.
2025 жылдың соңына қарай ЕО-да «жасыл көліктердің» үлесі 60%-дан асуы мүмкін. Ал кейбір елдер 2030 жылға қарай іштен жанатын қозғалтқышпен жаңа көліктер сатуға тыйым салуды жоспарлап отыр.
Еске сала кетсек, жуырда Шанхайда автокөлік көрмесі өтті. Жиында жаңа темір тұлпар маркалары таныстырылды. Олардың дені «жасыл» жжасанды интеллект жүйелері орнатылған автолар болды.