
1 мамыр – Бірлік күні. Бұл күні Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан көп ұлттың бірлігі тойланады. Kursiv.Media мерекенің шығу тарихы, маңызы мен қандай құндылыққа ие екені туралы баяндайды.
Қазақстандықтар үшін мамыр айының алғашқы күн жай ғана мейрам емес, бұл нағыз ұлттық келісім күні. Көненің адамдары бұл күнді кеңес заманындағы шерулермен байланыстырады. Алайда Қазақстанда бұл күн мүлдем басқа мағынаға ие. 1996 жылдан бастап 1 мамыр күні Қазақстанда Бірлік күні тойланады. Бұл жай демалыс күні емес, бұл елдің ең маңызды құндылықтары – этникаарлық достықты, толеранттылықты және ұлттар достығын дәріптейтін күн.
Бұл расымен жылынып, жер біткеннің бәрі жасыл кілемге оранып, айнала жайқалатын кезең. Елдің түкпір-түпірінде – қалаларда, аудандарда, ауыл-ауылдарда мерекелік концерттер мен түрлі іс-шаралар өтіп жатады. Елде өмір сүретін әртүрлі ұлт өкілі ұлттық дәмін әзірлеп, ерекше дастархан жаяды. Түрлі ұлттың ұлттық киімін де осы күні көруге болады. Бәрі бір-бірімен арқа-жарқа болысып жатады. Түрлі ұлттың әнін де, биін де осы күні молынан көресіз. Бұл күні дәм ауыз тиіп, қарның да тояды, айналаны мейірім билей түсетіндіктен, жаның да тояды.
Бұл мерекенің маңызы неде?
1 мамыр – бәрі көңіл-көтеріп, бір күн артық демалатын қарапайым бір күн емес. Бұл мереке басқа мерекелерден өзгерек. Себебі Бірлік күні елдегі әрбір адам, әр тұрғын өзін ғаламат бір дүниенің бөлшегі сезінеді. Бір саябақтан өзбектің дойрасының үні, енді бір жақтан қазақтың домбырасының үні жетеді. Тағы бір аулада балалар «Лезгинка» биін билеп жатса, бір сахнада қыздар ұйғыр ұлттық биін нақышына келтіріп орындап жатады. Мұның бәрі бір сәтте болып жатқанын, ешкім ешкімге кедергі жасамайтынын, керісінше бұл мәдениеттің барлығы бәр сәтте керемет үйлесім тауып жатқаны қаншалық әдемі екенін ұғынған сәтте, адам мұның елге берілген ең құнды байлық екенін де түсінеді.
Бұл – дарақылыққа жол берілмейтін, артық мақтанды қажет етпейтін, бірақ терең мағынаға толы мереке. 1 мамырда әркім өз ана тілінде сөйлеп, өз ұлттық киімін киіп, ұлттық тамағын әзірлейді – солай бола тұра, тұтас алғанда барлығы бір елді – бір Қазақстанды құрап, ашық аспан астында бірлік тойын өткізіп жатады. Болашақтың мұндай моделіне талпынып жатқан ел көп. Ал Қазақстан үшін бұл – бүгінгі күн.
Мерекенің символы
Бірлік күнінің көп жылдан бергі символы – көгершін құс. Бұл бейбітшіліктің, достық пен татушылықтың, ынтымақтың нышаны. Сонымен қатар қазақтың ұлттық оюлары мен Мемлекеттік рәміз – Ту да осы күннің бейресми символдары саналады. Ұлттық оюлар түрлі этникалық дәстүрлерді бірлестірсе, Туымыздағы шаңырақ ынтымақты, бірлікті дәріптейді.
Сонымен бұл күні қала түрліше әсемделетінін және түрлі-түсті қанық түстер көп қолданылатынын көруге болады. Себебі 1 мамыр күнтізбенің ең жарқын күні болып есептеледі.
Бірлік күнінің эмоционалдық құндылығы
Дау-дамай мен бөлінушілік көп әлемде 1 мамыр бір тыныштықты, жұмсақтықты, мейірімділікті насихаттайтын жылы мереке болып қала бермек. Ол күн күллі әлемге «Қара, осылай да өмір сүруге болады» деп тұрғандай.
Әлдебіреулер үшін бұл күн – түп тамырын, шыққан тегін бір еске алуға себеп болса, ендібіреулер үшін өзге ұлттың мәдениетімен танысуға тамаша мүмкіндік. Балалар үшін Бірлік күні балаң шақтан алуандықтың әсемдігін көріп өсу, ал ересектер үшін сыйластық, қонақжайлық, көршімен тату болу сынды қарапайым адами қарым-қатынастың жылуын сезіну мүмкіндігін сыйлайтын күн.
Өзге елдерде қалай?
Бұл жылуға толы мерекені көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан да атап өтеді, алайда бұл елдерде мереке «Еңбек күні» ретінде сақталған және тойлау ауқымы да тарлау.
Ресейде де мереке Көктем және еңбек күні ретінде сақталған. Бұл күнді ел демалып, көкке шығып, шеруге қатысып өткізеді.
Беларусь елінде де мерекені еңбек тұрғысындағы мәні ғана қалған.
Ал Қазақстанда бұл мерекенің ауқымы жыл өткен сайын артып келеді. Жылдан-жылға БАҚ бетінде мереке туралы көптеген қызық мақалалар жарияланады, әлеуметтік желілерде бұл жасы да, кәрісі түрлі этномәдени челлендж ұйымдастырып, барлық жұрт белсене қатысып жатады. Телеарналар бұл күні көрерменге халықтар достығы жайлы концерттер, аспаздық бағдарламалар мен деректі фильмдер ұсынады.
Мерекеде не сыйлауға болады?
1 мамыр күні сыйлық беру деген бекітілген бір дәстүр жоқ. Алайда бұл күні этникаралық достықтың құрметіне бір-бірімізге сый тарту өте орынды болары анық. Ерекше ұлттық бұйымдарды бұл күні сыйламағанда, қашан сыйлаймыз, солай емес пе?
Мысалы ұлттық тәттілерден бокс әзірлеп, жақыныңызға қонаққа барсаңыз болады. Шай үстінде тәттілер де, әңгімеңіз де жараса кетері анық. Этникалық мотивтегі магниттер, қойын дәптері, болмаса, шоппер де таптырмас сыйлық болады. Мұндай сыйлықтар мерекелік көңіл-күй сыйлап, екіжақты мәдениетке деген сыйластықты нығайта түседі.
1 мамыр – Бірлік күні мерекесін сақтап қалу және тойлау неліктен маңызды?
Кей кездері қарбалас тірлікпен, тіршілік қамымен бізге іштей қуат сыйлайтын дүниелер жайлы ұмытып кетеміз. Алайда дәл 1 мамыр – Бірлік күні сияқты мерекелер біздің бойымызда нағыз ересек позициясына сай азаматтық айдентиканы тәрбиелейді. Бұл тек бір жаттанды ұран деңгейіндегі көзбояушылық тәрбиелеу емес, бұл — сенімге, қабылдауға және айналаға деген қамқорлыққа негізделген дүние.
Қаладағы мерекеде өзбек апаға қолыңдағы наныңды бөліп бергенде, орыс апамен бірге тоқыма тоқығанда, ұйғыр әпкелермен бірге қамыр созып, дәмі тіл үйіретін лағманын жегенде сіз жай ғана көрермен болудан қаласыз, бұл кезде сіз жалпыға ортақ үлкен бір мәдени алаңның мүшесіне, бір бөлігіне айналасыз. Ал мұндай сәттер жадымызда мәңгілік қалады, ұмытылмайды және жанымызға үнемі жылу сыйлап тұрады.
Қорытындылай келе, барша қазақстандықтар бұл ерекше мерекенің, Бірлік күнінің жай ғана қосымша бір демалыс емес, нағыз достықты тойлайтын күн екенімен келісетінін айтуға болады. Бұл күн елдің күші оның алуандығында екенін еске салады. Ақпыз, қара, сарымыз, ағайынбыз бәріміз демекші, бұл күні түрлі ұлттың алуан түрі үні естілсе, бәрі қосылғанда бұл бір ортақ рух үні болып естіледі.