Ratovich, Kyle Ruh, Ғазизхан Шекербеков – алдағы апта қандай концертке баруға болады?

Жарияланды 26 Сәуір 2025 09:45

Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Ratovich, Kyle Ruh және Ғазизхан Шекербеков – алдағы аптада кімдердің концертіне баруға болады? 
Ratovich, Kyle Ruh және Ғазизхан Шекербеков / коллаж: kursiv.media (Фото: instagram.com/ratovich, instagram.com/kyle.ruh, instagram.com/gazizkhan), бильд-редактор: Дастан Шанай

Әне-міне дегенше, биылғы көктемнің соңғы айына қадам басқалы тұрмыз. Бірнеше аптадан соң көктем аяқталып, жадырап жаз келеді. Көктемнің керемет күндері түрлі жылы естелікке толы болса, әр күні мерекеге, ән-биге толы болса, неткен ғажап, солай емес пе? Kursiv Media алдағы аптаның әр күніне арнап ең қызық іс-шаралар тізімін әзірледі.

«Ғашықтық ғаламаты!» – театрландырылған концерт

Қостанай қаласы, 28 сәуір

Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин, Бақыт Қажыбаев, Ернар Жұматаев және басқа танымал театр және кино актерлары Көкшетау өңіріне барып, театрландырылған концерт қоймақ. Бұл актерларды танымайтын адам кемде-кем, рөлдерін қаншалық жақсы ойнайтына да барша көрермен куә. Сондықтан бағдарламасы әзірге құпия болған концерттің де керемет өтеріне еш күмән жоқ.

Театрландырылған концерт Қостанай  қаласындағы Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармония залында өтеді. Басталуы сағат 19:00-де. Билеттерді Ticketon.kz сайты арқылы сатып ала аласыз.

Ratovich

Қарағанды қаласы, 28 сәуір

Алдағы аптада Қарағанды тұрғындары ерекше музыка тыңдап, дүйсенбі кешін керемет өткізе алады. Себебі қалаға белгілі пианист – Темірлан Бейсенбай барып, Live Band сүйемелдеуімен тамаша концерт қойып бермек. Әлеуметтік желіде Ratovich атымен белгілі Темірлан кейінгі жылдары сапалы музыка сүйетін қауым арасында кеңінен танылып үлгерді.

Қарағандыдағы кеш бағдарламасы Ратовичтің жылдар бойы сан алуан концертінде шырқалған үздік туындыларынан тұрады. Билет алып, тамаша кештің куәсі болыңыз!

Концерт Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет үйінде өтеді. Басталуы сағат 19:30-да. Билеттерді Ticketon.kz сайты арқылы сатып ала аласыз.

Adilet Zhaugashar 

Жаңаөзен қаласы, 1 мамыр

Әділет Жауғашар – қазақ эстрадасында өзіндік стилі бар, ерекше әндерімен, атмосфералы бейнебаяндарымен, ырғақты әуенімен тыңдарман жүрегінен орын алып, халықтың ыстық ықылысына бөленіп жүрген әнші.

Жеке шығармашылығын 2020 жылы қолға алып, үлкен сахнаға шыға бастаған әнші бүгінде халыққа «Бесаспап қыз», «Бұртиғаныңды сүйдім», «Біздің ностальгия», «Мамау» және тағы басқа да әндерімен танымал. Сонымен қатар ол тек орындаушы емес, көптеген жақсы әннің авторы ретінде де танылып жүр.

Әнші ән әлеміне қадамын нық басып, әп сәтте өз тыңдарманын таба алды. Сондықтан көп уақыт өтпей 2022 жылы Алматы қаласындағы Республика Сарайында өзінің алғашқы есеп беру кешін өткізді. Кеште Төреғали Төреләлі, Қуандық Рахым, Әбдіжаппар Әлқожа және тағы басқа танымал әншілермен дуэт орындап, қонақтарын қуантты. 

Ал алдағы аптада әнші Жаңаөзенде зал жинап, көрерменімен қосыла ән шырқауды жоспарлап отыр. Кеш жанды дауыста өтеді.

Концерт Жаңаөзен қаласындағы «Мұнайшы» мәдение үйінде өтеді. Басталуы сағат 19:00–де. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

Ғазизхан Шекербеков

Алматы қаласы, 2 мамыр

Ғазизхан Шекербеков – заманауи Шәмші аталып кеткен лирик әнші, танымал композитор, көптеген хит әннің орындаушысы әрі авторы. 

Әйгілі әнші алдағы аптада оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтарына арнап ән кешін бермек. Ғазизхан әуезді үнімен, қоңыр даусымен ерекшеленіп тұратын бірегей әнші. Оның бүгінде миллиондаған тыңдарманы бар. Оның әр әні жүрекке жетеді, есте мәңгі сақталады. Ғазизханның «Мен сені сағындым», «Мен сүйсем сүйемін», «Сезім үшін», «Қайдан ғана жолықтың», «Ұлыма», Еркекпін мен”, «Көріктім», «Аға» және басқа көп әні бар және бәрі дерлік хит. Тіпті осы тізімді оқып отырып, әр әннің атауын оқыған сайын сіз де әндетіп кеткеніңізге күмән жоқ. Ал осы және тізімге енбей қалған талай әнді алдағы жанды дауыста тыңдай аласыз. Тамаша емес пе?

Ерекше үнімен ғарышқа елітіп әкететін әншінің керемет кешінен қапы қалмаңыз. Бұл, шынында, рухани ләззат сыйлайтын концерт болмақ. 

Кеш Алматының бас сахнасы – Республика сарайында өтеді.  Басталуы сағат 19:30-да. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

KYLE RUH-тың алғашқы жеке кеші

Алматы қаласы, 3 мамыр

Ерік Төленов немесе Kyle Ruh — қазақ эстрадасын жаңа деңгейге шығаруды мақсат етіп, сол жолда дамып жүрген әнші. 

Ерік жеке шығармашылығына қолға алғанына көп уақыт бола қоймаса да, оның өз тыңдарманы бар, оны танитындар да көп. Алғашында жеке әнші ретінде өнер көрсеткен ол, көп уақыт өтпей әйгілі Juniors және Moonlight тобының сапында ән айтты. Бірнеше жылдан соң Ерік қайта жеке шығармашылыққа бет бұрды. Бұл қадамы сәтті де болғандай. Қазір Ерікті көп телевизиялық шоуда, музыкалық фестивальдер мен концерттерде көруге болады, Tiktok желісінде көп әні тарап, тыңдарман көңілінен де шығып жатты. 

Алдағы аптада Ерік өзінің алғашқы шығармашылық концертін бермек. Әншінің өнер жолындағы жауапты күнінде жанкүйерлері жанынан табылатына сенімдіміз.

Бұл күні оны өнердегі достары да қолдап, кешке қатысады. Қонақтар қатарында YENLIK, ACE, ALEM және MADI RYMBAEV бар. Осындай керемет әншілер бір күнде бір сахнада өнер көрсетеді.

«Garyshtan Sandyq» деп аталатын жып-ыжы кештен қалып қойып жүрмеңіз. Кеш Алматыдағы Motor Club-та өтеді. Басталуы сағат 18:00-де. Билеттерді  Ticketon.kz сайтынан таба аласыз. 

Бұл – алдағы аптада болатын ең таңдаулы ән кештерінің топтамасы. Ticketon.kz сайтына кіріп, аптаңызды қызықты ететін өзге де іс-шаралар жайлы ақпарат ала аласыз. 

Сондай-ақ оқыңыз