Ата-аналардың өмірін жеңілдететін үздік 10 гаджет

Жарияланды 26 Сәуір 2025 18:20

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Ата-аналардың өмірін жеңілдететін үздік 10 гаджет/Фото: kursiv.media архивінен

Қазіргі ата-аналар күнделікті тұрмысты жеңілдетіп, балаларының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін технологияның түр-түріне жүгінеді. Бұрынғылар онсыз да бала өсірді деуге асықпаңыз. Өйткені бүгінгі заман басқа: қарқын да, жағдай да өзгерген. Олай болса, заманауи ата-аналарға керек болатын 10 пайдалы гаджетке шолу жасайық.

1. Бейнебақылауы бар радио-күтуші

Бұл құрылғы не үшін керек:
Радиокүтушінің бұрынғы түрінде баланың даусын ғана естуге болатын мүмкіндік бар еді. Ал енді жаңадан шыққан түрлерінде бейнебақылау қосылған. Сол арқылы баланы бөлмесіне бармастан, қашықтан қарауға болады. Әсіресе әлі қырқынан шықпаған баласы бар, жаңа босанған келіншекке 10-15 минут тыныштықта мызғып алғанның өзі ғанибет. Міне, сондайда осы құрылғы көмектеседі. Балалар бөлмесіне орнатып қоясыз да, өзіңіз ұйықтап алсаңыз да, шаруаңызды бітірсеңіз де болады.

Пайдасы:

  • Баланың ұйқысын, қимыл-қозғалысын бақылайды;
  • Сіз — балаңыздың, балаңыздың сіздің даусыңызды естіп тұрады. Сөйлесе беруге болады;
  • Температураны көрсететін датчиктері бар, камерадан баланың не істеп жатқаны түнде де көрініп тұрады.
  • Ата-анасы басқа бөлмеде жүрсе де алаңсыз байланыста бола алады. Бойда мазасыздық болмаса, бала да тыныш ұйықтайды.

Нарықта кең таралған түрлері:

  • Xiaomi Mi Smart Camera Baby Monitor – 18 000 теңгеден басталады;
  • HelloBaby HB65 – от 23 000 теңгеден басталады;
  • Eufy SpaceView Baby Monitor – 45 000 теңгеден басталады.

2. Смарт термометр

Бұл құрылғы не үшін керек:
Дене қызуын дәл әрі тез өлшеп береді. Қарапайым термометрден айырмашылығы — құрылғы тарих қылып сақтап қалады. Тұмау, вирус қаптаған кезде ата-аналар баласының қызуы нешеде қанша градус болғанын түртіп алуға тырысады. Ал ақылды термометр сол міндетті мойнына алады.

Пайдасы:

  • Айналдырған 7-8 секундта өлшеп береді;
  • Қолтығына салмай, еш жеріне тигізбей-ақ өлшейді;
  • Қолданбамен синхрондалады. Дәрігерге жібергенде жүйелі әрі нақты ақпарат бере аласыз;
  • Өлшеу тарихы сақталатындықтан, динамиканы бақылауға ыңғайлы.

Нарықта кең таралған түрлері:

  • iHealth PT3 – 15 000 теңгеден басталады;
  • Kinsa Smart Thermometer – 12 000 теңгеден басталады;
  • B.Well WF-1000 – 9 000 теңгеден басталады;

3. Сүт жылытқыш

Бұл құрылғы не үшін керек:
Сүтін сауып тоңазытқышта сақтайтын не қосымша сүт беретін ата-аналарға өте ыңғайлы. Жылытам деп ұзақ уақыт алып, одан ыстық-суығын қолмен тексеріп жүрмейсіз.

Пайдасы:

  • Керек температураға дейін өзі тез жылытып береді.
  • Сүт не  қатты ыстық, не салқындау болып кетпейді.
  • Автомат түрде өзі өшеді де, температураны бойында сақтап тұрады.
  • Жолға шыққанда не түнде қолдануға ыңғайлы.

Нарықта кең таралған түрлері:

  • Philips Avent Fast Bottle Warmer – 19 000 теңгеден басталады;
  • Tommee Tippee Easi-Warm – 16 000 теңгеден басталады;
  • Chicco Digital Bottle Warmer – 21 000 теңгеден басталады;

4. Балаға арналған GPS-трекер

Бұл құрылғы не үшін керек:
Баланың қайда жүргенін бақылап отыруға арналған құрал. Әсіресе, мектепке енді-енді өзі барып жүрген баласы барларға мастхев. Жалпы кез келген ата-ана баласына трекер алып қойғаны жөн сияқты. Сонда қайда жүр деп уайымдамайды.

Пайдасы:

  • Өзіңіз бекітіп қойған аймақтарға кіргенде және шыққанда белгі береді.
  • Шүғыл қоңырау жасауға болады.
  • Ішінде сим-карта бар, қоңырау шалатын мүмкіндік бар.
  • Ата-аналар баласын ойлап, уайымдамайды.

Нарықта кең таралған түрлері:

  • Elari KidPhone 4G – 28 000 теңгеден басталады;
  • Wonlex KT20 – 21 000 теңгеден басталады;
  • MyKi Touch – 25 000 теңгеден басталады;

5. Ультрафиолет стерилизатор

Бұл құрылғы не үшін керек:
Сүт пен су ішетін бөтелке, емізікті қайнатып, буландырып жүрмей-ақ стерильдеуге болады.

Пайдасы:

  • Бактериялардың  99,9 пайызын бас-аяғы 3-5 минутта «жойып» жібереді.
  • Өзіңізбен алып жүруге қолайлы. Көп орын алмайды.
  • Ішіне су құйып жүрмейсіз — қауіпсіз әрі тап-таза.
  • Жолда, серуенге шыққанда жақсы.

Нарықта кең таралған түрлері:

  • Munchkin Portable UV Sterilizer – 18 000 теңгеден басталады;
  • Pigeon UV Sterilizer Box – 24 000 теңгеден басталады;
  • Lollababy UV Sterilizer – 27 000 теңгеден басталады;

6. Сәбилерге арналған электрон әткеншек

Бұл құрылғы не үшін керек:
Қолға ұстағанға үйренген баласы барларға осы құрылғы балама бола алады. Аяқтан түсіргенде оянып кете беретін баланы тербетіп тұрады. Әуендерді қосып қойып көңілін аулауға болады.

Пайдасы:

  • Шын қимыл сияқты әсер етеді. Тербеледі, қозғалады.
  • Музыка қосылады, теңіз дыбысы бар, Bluetooth арқылы қосуға болады.
  • Таймер мен жылдамдықты реттей аласыз. Қаласаңыз, ақырын не сәл қатты тербетеді.
  • Өзі ұйықтамайтын баланы ұйықтатуға көмектеседі.

Нарықта кең таралған түрлері:

  • Ingenuity ConvertMe – 30 000 теңгеден басталады;
  • Babymoov Swoon Motion – 42 000 теңгеден басталады;
  • Graco Simple Sway – 55 000 теңгеден басталады;

7. Сәбиді өлшейтін таразы

Бұл құрылғы не үшін керек:
Баланың қанша салмақ қосып жатқанын бақылап отыруға ыңғайлы. Алғашқы айларда шақалақтың салмағын қарап отыру керек. Еметін болса не қосымша сүт ішетін болса, динамиканы салыстырып отыру маңызды.

Пайдасы:

  • Дәл өлшеп береді.
  • Кейінгі өлшенген кездердегі салмақты есте сақтап қалады.
  • Жұмсақ әрі қауіпсіз материалдан жасалады.
  • Баласы дұрыс ет жинамай жүргенде керек болады.

Нарықта кең таралған түрлері:

  • Laica PS3001 – 20 000 теңгеден басталады;
  • Beurer BY80 – 27 000 теңгеден басталады;
  • Chicco Digital Scale – 25 000 теңгеден басталады;

8. Теңіз дыбысы бар құрылғы

Бұл құрылғы не үшін керек:
Бала іште жатқанда анасының жатырындағы дыбысқа ұқсайтыны — теңіз дыбысы екен. Баланың ұйқысын реттеу үшін осы құрылғы жақсы. Жанатын шамы да көзді ауыртпайды.

Пайдасы:

  • Баланы тыныштандырады.
  • Кешкі ғұрып ретінде қалыптастыруға көмектеседі.
  • Дыбыс пен түстің неше түрі бар.
  • Белгілі бір сағатқа қойып қоюға болады.

Нарықта кең таралған түрлері:

  • Hatch Rest – 32 000 теңгеден басталады;
  • Glow Dreaming Sleep Aid – 38 000 теңгеден басталады;
  • MyBaby SoundSpa – 18 000 теңгеден басталады;

9. Балалар бөлмесіне — ауа тазартқыш

Бұл құрылғы не үшін керек:
Ауаны шаң-тозаңнан, аллергеннен, вирустан тазартуға жақсы. Экологиясы нашар жақтың үйіне, тар бөлмесі бар пәтерге керек-ақ.

Пайдасы:

  • Ауаны тазартады. Баланы ұйқысы қанады.
  • Аллергик, астматиктерге жақсы.
  • ОРВИ кезінде көмектеседі.
  • Түнде дыбысын басып қоюға болады.

Нарықта кең таралған түрлері:

  • Xiaomi Mi Air Purifier 4 – 45 000 теңгеден басталады;
  • Philips Series 800 – 58 000 теңгеден басталады;
  • Levoit Core 300 – 50 000 теңгеден басталады;

10. Ұйқы мен оттегі трекері

Бұл құрылғы не үшін керек:
Бала ұйықтап жатқанда жүрек қағысы мен оттегі деңгейін бақылауға арналған.

Пайдасы:

  • Әлдебір көрсеткіш ауытқыса бірден ескертеді.
  • Білезік не шұлық сияқты болғасын ыңғайлы.
  • Қолданбада бүкіл дерек көрініп тұрады, хабарлама жіберіп отырады.

Нарықта кең таралған түрлері:

  • Owlet Smart Sock 3 – 85 000 теңгеден басталады;
  • Nanit Breathing Wear + Cam – 100 000 теңгеден басталады;
  • Wellue BabyO2 – 65 000 теңгеден басталады;

Еске сала кетсек, бұған дейін ата-аналарға арнап «Бала үй шаруасына көмектессе, ақша төлеу керек пе?» деген тақырыпта материал жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз