2025 жылы смарт-үйлер қандай болады

Биыл смарт технологиялары бар үй деген сән ғана емес, күнделікті қажетке айнала бастайды. Өйткені осы технологияның арқасында күйбең тірлік жеңілдеп, өмір қауіпсіз әрі үнемдірек бола түседі. Мысалы, сіз жұмыста отырып «үтікті өшірдім бе, жарық қосылып қалмады ма?» деп уайымдамайсыз. Болмаса, үйге қарай бет алғанда ақылды жүйе шай қойып, дәліздің жарығын қосып, кондиционердің температурасын ыңғайлап қояды. Ғажап емес пе? Осылай сізді сөзсіз түсінетін «ақылды үй» технологиясында 2025 жылы қандай өзгерістер болатынына шолу жасайық.
«Ақылды үйдің» артықшылығы: оның қандай пайдасы бар?
Сонымен смарт-үйдің неге керек екенін тізбектеп көрелік:
- Элект қуаты мен суды үнемдейді.
- Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі. Атап айтқанда, бақылау камерасы, қимыл-қозғалыст датчиктері, ақылды құлып және т.б.
- Күйбең тірлікті автоматтандырады. Жарықты қосып-өшіреді, пердені түреді, әуен қосады дегендей.
- Тұрмыстық техниканы дауыс не қолданба арқылы басқаруға болады.
2025 жылы қандай трендтер бар?
1. Жасанды интеллектімен интеграция жасалады
Жүйелер уақыт өткен сайын ақылды болып бара жатыр. Жасанды интеллект команда орындап қана қоймай, қажетіңізді дөп табады. Айталық, күнде таңертең жетіде оянатыныңызды байқаса, сіз жуынып-шайынып жатқан кезде өзі кофемашинаны қосып, буын бұрқыратып сүйікті сусыныңызды қайнатып қояды.
2. Экожүйелер түсініктірек бола бастайды
Бұрын құрылғылар бір-бірін танып, бірге жұмыс істеуі үшін барлығы бір маркадан болуы керек еді. Ал қазір платформалардың дені (Apple HomeKit, Google Home, Samsung SmartThings) Matter хаттамасы арқылы жұмыс істейді. Бұл дегеніміз — әртүрлі брендті біріктіретін әмбебап стандарт. Яғни Apple компаниясының колонкасы Xiaomi-дің шамы мен Philips-тің шаңсорғышын оп-оңай басқара береді.
3. Қауіпсіздік мықтырақ бола түседі
Смарт-үйлерде биометрия, өрт не су басқанды автомат түрде танитын жүйелер болады. Сіз жоқта әлдене бола қалса, тиісті қызметке хабарлама тастап, шақыра алады. Оған қоса үйге ұры түсіп жатқандай болса, онда біреу бар сияқты симуляция жасай алатын автономды ЖИ-көмекшілер де бар.
Қазір «ақылды–үйлерде» қандай құралдар бар?
- Ақылды розеткалар мен шамдар — ол әжептәуір үнем жасайды әрі қашықтан басқаруға мүмкіндік береді.
- Термостаттар — күннің қай бөлігі екеніне қарап және ауа-райына қарай температураны автомат түрде реттеп отырады.
- Сенсорлар — есік-терезелерді ашып-жабады, бөлмедегі ылғал деңгейін қарайды, қимыл-қозғалысты бақылайды.
- Ақылды камералар — реал тайм режимде көрсетіп қана қоймай, әлдене бола қалса хабарлайды.
- Сөйлейтін көмекші — Siri, Alexa, Google Assistant бүкіл жүйені басқаруға көмектеседі.
Алда не күтеуге болады?
1. Экраны жоқ интерфейстер шығады
Смарт-үй енді білінбейтін, көзге көрінбейтін болады. Барлығы біртіндеп дыбыс, қимыл-әрекет, ЖИ-көмекші арқылы басқарылуға көшеді.
2. Қуат көзіне мұқтаж азаяды
Үйлердің дені қазір күн панельдері мен ақылмен тұтынуға көмектесетін жүйелерге ауысып жатыр. Яғни олар энергияны өздері сақтап, бөліп отырады.
3. Денсаулыққа мән беруге көмектеседі
Ақылды үйлер ауа сапасын, шу деңгейін, жарық пен тұрғындардың ұйқысын бақылай алады. Сол арқылы сіздің жағдайыңызды жақсартуға, денсаулығыңызды бақылауда ұстауға көмектеседі.
4. Әдеп мәселесіне мән беріледі
Қазір жеке деректер жиі қолды болып жатады. Сондай мәселені шешу үшін өндірушілер жергілікті ЖИ-сервистерге инвестиция көп құятын болған. Осылайша командаларды өңдеу мен видео жолдау дегендей әрекеттің бәрі клаудқа емес, бірден үйде жүреді.
Қазақстанда қарқын қандай?
Еліміздің нарығында смарт-құрылғыларға деген сұраныс кейінгі екі жылда 2 есе өскен дейді. Соның ішінде мына технологияларды ерекше атап өтуге болады:
- Ақылды розеткілер;
- Саяжайлар мен қала сыртындағы үйлердің қауіпсіздігін сақтауға көмектесетін технологиялар;
- Xiaomi мен Aqara компанияларының қымбат емес жиынтықтарына сұраныс жоғары.
Алматы мен Астана қалаларындағы ірі құрылыс компанияларында қазіргі таңда жарық пен климатты бақылап отыратын жүйелер қосылған үйлер бар. Сонымен қатар Astana Hub қазақстандықтардың өмір салтына, тіліне сәйкес келетіндей жергілікті ЖИ-шешім ұсынатын стартаптармен бірге жұмыс істеп жатыр.
Статистика мен нарықтағы тенденциялар
- Жаһандық деңгейдегі жағдай мынадай: ақылды үйлердің әлемдік нарығының көлемі 2029 жылға қарай 370,95 млрд долларға жетуі мүмкін деседі. Жылына орта есеппен 25,3 пайызға өсіп отырады деген болжам бар.
- Қазақстандық нарықта болса: сұраныс құрылыс саласында өседі. Соның ішінде қала сыртындағы үйлер мен мегаполистердегі жаңа салынатын үйлер сегментінде көбейеді деп болжам жасалып отыр.
Кейстерді атап өтсек:
- Smart Astana: тұрғындарға ауданның қауіпсіздігі, сол маңдағы қылмыстар статистикасы сияқты ақпараттар беріп отыратын сервис жасалды.
- Алатау Сити: Алматыдағы «ақылды үй» жобасы. Мұнда инфрақұрылымды басқаратын, атап айтқанда бейнебақылау, коммуналдық қызметтерді автоматтандыру секілді озық технологиялар енгізілген.
Технологиялық шешімдерге шолу
- IoT пен жасанды интеллект интеграциясы бар: Заманауи ақылды үй жүйелері заттар интернеті (IoT) мен жасанды интеллектіні жарық, климат, қауіпсіздікті басқару үшін қолданады.
- Matter хаттамасы: Бұған дейін айтқандай, Matter әмбебап стандарты қосылған соң әр түрлі өндіруші жасаса да, олардың құрылғылары бір-бірімен үйлесе береді. Соның арқасында ақылды үй экожүйесін қолдану ыңғайлы бола түседі.
Қандай челленждер күтіп тұр?
- Саяжай, қала сыртындағы үйлерге қызығушылық артады деседі. Көпшілік біртіндеп қашықтан істейтін форматқа ауысып жатқасын, оған қоса экологиялық өмір салтын ұстана бастағандықтан, қазақстандықтар да сырт жақтағы үйлерге қызыға бастаған. Ақылды жүйелермен жасақталған үйлерге сұраныс көбейеді.
- Бір стандартқа салу мәселесі шығады. Нарықты әрмен қарай дамыту үшін бірдей стандар мен нормативтер енгізу керек. Сонда құрылғылар бір-бірімен үйлеседі, қолданушылар қауіпсіздік мәселесіне бас қатырмайды.
Демек, 2025 жылы Қазақстанда да смарт-үйлер инновация ретінде таңғалатын технология емес, тұрғындардың өміріне комфорт сыйлайтын, жаңа деңгейдегі қауіпсіздікті қамтамасых ететін, үнемдеуге көмектесетін реалитиге айнала бастайды деген сөз. Қазіргі тенденциялар мен жобаларға қарасақ, нарықтың бұл сегменті осылай кеңейіп, дами бермек. Смарт-үй бұдан әрмен футуризмнен гөрі күнделікті тіршіліктің көрінісі болады. Бастысы, технологияны енгізерде киберқауіпсіздік мәселесін реттеп, технологияның көмекші құрал екенін ұмытпаса болғаны.
Еске сала кетсек, бұған дейін заттар интернеті һәм IoT деген не екенін және оның күнделікті өмірде қандай пайдасы тиетінін жазған едік.