
Президент Әкімшілігі Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың қызметінің тиімділігіне сараптама жүргізетін болады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28-29 наурызда Алматыға Алматыға жасаған жұмыс сапары барысында Ерболат Досаевқа қаланы жан-жақты дамытуға қатысты тапсырма бергенін еске салды.
«Осыған сәйкес, қала әкімдігі нақты іс-шаралар жоспарын әзірледі. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау жөніндегі есеп бекітілген тәртіп бойынша дайындалып, мерзімінде ұсынылып отыр. Әкім қызметінің тиімділігіне Президент Әкімшілігі сараптама жүргізеді. Атқарылған жұмыстардың нақты нәтижелері бойынша Алматы қаласы әкімдігі ақпараттандырып отырады», –деп жазды Руслан Желдібай Telegram арнасында.
Еске салайық, осыған дейін Ерболат Досаевтың шаһардағы жарықтандыру, абаттандыру және сумен жабдықтау мәселелеріне байланысты екі аптада бір рет президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп беріп отыратыны жайлы жазған едік. Шаһар басшысы екі апта сайын қалада жасалған жұмыстарға қатысты президентке баяндап отыратын болған. Бұл Тоқаевтың қалаға жасаған соңғы сапарының нәтижесі болып отыр.