Қазақстанда криптобанктер ашылуы мүмкін

Ел үкіметі Қазақстанда криптобанктер ашу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.
Оның айтуынша, Қазақстанда қалыптасып жатқан цифрлық экожүйе аясында криптобанктің негізгі функциялары – цифрлық активтерді айырбастау, сақтау және мәмілелерді сүйемелдеу – қамтылатын болады.
«Бұл функцияларды жүзеге асыру криптовалюта айырбастау провайдерлері, цифрлық қаржы активтері (ЦФА) платформаларының операторлары, кастодиандар, цифрлық биржалар, брокерлер мен дилерлер сияқты инфрақұрылымдық субъектілер арқылы қамтамасыз етіледі. Аталған субъектілер халықаралық тәжірибеге сай, реттелетін және қауіпсіз ортада цифрлық қызметтердің кең ауқымын ұсына алады», – деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Бектенов қазіргі таңда цифрлық активтер туралы заңнамаға өзгерістер әзірленіп жатқанын атап өтті. Ол цифрлық активтер айналымын ырықтандыру мен платформалар санын арттыруды көздейді.
Криптобанктердің артықшылықтары:
- Қазақстан юрисдикциясының инвестициялық тартымдылығын арттыру;
- АХҚО аясында фиат және цифрлық активтердің өтімділігін арттыру;
- Цифрлық операциялардың ашықтығын күшейту;
- Ішкі IT-жобалар мен блокчейнді дамытуға серпін беру.
«Осыған байланысты Үкімет криптобанктерді құрудың әлеуетін қарастыруда. Олар тұрақты цифрлық экожүйені қалыптастыруда маңызды рөл атқара алады. Сонымен қатар, бұл бағыттағы тәсілдерді кезең-кезеңімен жүзеге асыру қажет деп санаймыз. Инфрақұрылым дамып, құқықтық тәжірибе жиналған соң және халықаралық тәжірибе ескеріле отырып, криптобанктерді қаржылық реттеу жүйесіне институционалдық түрде енгізу мүмкіндігі қарастырылады», – деді Бектенов.
Сауалда келтірілген мәліметке сәйкес, 2024 жылы әлемдік криптобанктер нарығының көлемі 5,29 млрд долларды құраған, ал 2034 жылға қарай бұл көрсеткіш 63,15 млрд доллаға жетуі мүмкін.
Осыған дейін мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанда өз криптобанкін құруды ұсынған болатын. Оның пікірінше, мұндай жобаға Ұлттық банк пен цифрлық қаржы құралдарын сәтті енгізіп жатқан екінші деңгейлі банктер қатыса алады.
14 наурызда Бурабайда өткен құрылтайда Тоқаев үкіметкен криптонарықты дамытуды тапсырған еді.