
Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың «Мәңгілік полк» шеруіне қатысты мәлімдеме жасап, оған біреулер қоқан-лоқы көрсеткені жайлы айтылған видео тарауда. Алайда облыс әкімдігі бұл бейнежазбаның жалған екенін мәлім етті.
«Мессенджерлерде Қостанай облысының әкімі бейнеленген жалған видео тарап жатыр. Онда облыс әкіміне қауіп төніп тұрғаны айтылған-мыс. Бұл видео жасанды интеллект көмегімен жасалған», – делінген әкімдік хабарламасында.
Бұл жалған ақпаратты тарату фактісі бойынша облыс әкімдігі құқық қорғау органдарына ресми түрде өтініш жолдағанын хабарлады.
Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығы да аталған бейнежазбаның жалған екенін растады.
«Жасанды интеллект құралдарының көмегімен жасалған, шындыққа сәйкес келмейтін облыс әкімдері мен басқа да шенеуніктердің бейнелері бар видеороликтер анықталды. Мұның барлығы боттар арқылы таратылып жатыр. Олар сондай-ақ 7 және 9 мамырға жоспарланған рұқсат етілмеген акцияларға («Мәңгілік полк», «Референдум» және т.б.) қатысуға ақша ұсынып отыр», – делінген хабарламада.
Кибершабуылдарды талдау орталығы Қазақстандықтарға әлеуметтік желілерде деструктивті әсер ету әрекеттеріне берілмеуге және ақпаратты тексеруге кеңес берді.
Бұған дейін желіде Солтүстік Қазақстанның басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов өңірде 9 мамырда Петропавлда жоспарланған «Мәңгілік полк» акциясын өткізуге уәде беріп, барлығын іс-шараға қатысуға шақырған бейне таратылған болатын. Әкімдік тұрғындарға бейне жалған екенін және жасанды интеллект көмегімен жасалғанын ескертті.