Lifestyle

Lada Iskra Қазақстанда тамыз айында сатыла бастайды

Lada Iskra Granta мен Vesta арасындағы орынды иеленеді / lada.by, бильд-редактор: Милош Муратовский

«АвтоВАЗ» компаниясы «стратегиялық модель» деп атаған жаңа Lada Iskra көлігі 2025 жылдың тамыз айының соңында Қазақстан нарығында сатыла бастайды. Бұл туралы компанияның ресми өкілі хабарлады.

Ал шілде айында ресми дилерлерде көліктің алғашқы көрме үлгілері пайда болып, алдын ала тапсырыс беру мүмкіндігі ашылады. Бағасы әзірге жария етілмеген, бірақ сарапшылардың болжамынша, бұл модель Granta-дан қымбатырақ, алайда Vesta-дан арзанырақ болады.

Жаңа модель қалай жасалды?

Lada Iskra бастапқыда Granta-ның ізбасары ретінде ойластырылған. Алайда қазір бұл жаңа модель Granta мен Vesta арасындағы орынды иеленеді — баға жағынан да, жабдықталуы жағынан да. Бұл туралы «АвтоВАЗ» басшысы Максим Соколов 2024 жылғы Петербург халықаралық экономикалық форумында ресми түрде мәлімдеді.

lada.by, бильд-редактор: Милош Муратовский

Lada Iskra жобасының бастамасы Renault концернімен бірлесе отырып CMF-B платформасында қолға алынған. Алайда француз компаниясының Ресей нарығынан кетуіне байланысты, бұл негіз ресейлік XJO деп аталатын жаңа платформаға ауыстырылды. Ол жергілікті климат пен жол жағдайына бейімделген. Сериялық өндіріс 2025 жылғы 19 сәуірде Тольятти қаласында басталды.

Дизайн ерекшеліктері

Жаңа көлік үш түрлі кузовта ұсынылады: седан, универсал және жол талғамайтын Cross нұсқасы. Хэтчбек пен лифтбек нұсқалары өндірісте жоқ. Габариті жағынан Iskra Granta-дан ірі, бірақ Vesta-дан сәл кіші: ұзындығы — 4 333 мм, ені — 1 777 мм, дөңгелек базасы — 2 603 мм.

Көлік сыртқы пішінінде Стив Маттин әзірлеген X-стиль элементтері сақталған. Шамдар, бамперлер мен артқы фонарьлар — өзіндік дизайнмен жасалған. Cross-нұсқасы пластикалық қорғаныштармен және биік клиренспен ерекшеленеді. Барлығы жеті түрлі түс болады, соның ішінде тек Cross үшін ұсынылатын ерекше қызғылт-сары түс те бар.

Ішкі көрініс және жабдықталуы

Ішкі интерьер жастарға бағытталған: орталық консоль Renault Duster-ге ұқсайды, ал орындықтар анатомиялық пішінде, контрастты матамен қапталған. Жоғары жабдықталған нұсқаларда мультимедиа жүйесі, круиз-бақылау, климат-бақылау, артқа көру камерасы, ультракүлгіннен қорғайтын әйнек және артқы қатарда үш бас тірегі болады.

Техникалық сипаттамалар

  • 1,6 литрлік (90 а.к.) қозғалтқыш, 5 сатылы механикалық беріліс қорабы;
  • 1,6 литрлік (106 а.к.) қозғалтқыш, 6 сатылы механикалық беріліс қорабы;
  • 1,6 литрлік (106 а.к.) қозғалтқыш, автоматты беріліс қорабы.

Қосымша ретінде 1.8 литрлік (122 а.к.) мотор және 173 а.к. болатын спорттық нұсқа да қарастырылған. Соңғысы 2025 жылдың қаңтарында өткен Чемпиондар жарысында таныстырылды.

 Lada Iskra-ның бағасы қанша болады

АвтоВАЗ басшысы мәлімдегендей, Lada Iskra бағасы 1 миллион рубльден (шамамен 6,4 млн теңге) басталып, 1,2 миллион рубльге (7,7 млн теңге) дейін жетеді. Бұл оны Қазақстан нарығында бәсекеге қабілетті етеді.

Жобаның 90%-дан астамы Ресейде локализацияланған. Бастапқыда 37 млрд рубль бөлінеді деп жоспарланғанымен, нақты инвестиция көлемі 23 млрд рубльді (147,9 млрд теңге) құрады. Конструкцияға 1000-нан астам жаңа компонент енгізіліп, оның 400-і қайта жасақталған.

Еске салайық, осыған дейін АвтоВАЗ зауытында Lada Iskra көлігінің өндірісі басталғанын хабарлаған болатынбыз.