Тоқаевтың Маңғыстаудағы білімге қатысты сынынан соң, министр өңірде жиын өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Маңғыстаудағы білім сапасына қатысты сынынан кейін, министр Ғани Бейсембаев өңірге барып маңызды жиын өткізді. Президенттің сын-ескертпесінен соң, министр бірден іске көшіп, облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбаймен бірлесіп өңірде білім сапасын арттыру мәселесін қолға алды.
Білім сапасын арттыру жөніндегі кеңейтілген жиынға аймақтағы білім беру ұйымдарының басшылары, мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері қатысты. Бейсембаев пен өңір басшысы мектепке дейінгі тәрбиеден бастап техникалық және кәсіптік білімге дейінгі барлық деңгейді қамтитын 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарда құрып та үлгерген. Жиын барысында осы құжатқа министр мен аймақ әкімі қол қойды.
Жоспар бес негізгі бағытты қамтиды: инфрақұрылымды жақсарту, білім мазмұнын жаңарту, педагог кадрлардың әлеуетін арттыру, басқарушылық менеджментті жетілдіру және ұлттық бағалау жүйесін дамыту.
«Білім беру инфрақұрылымын жетілдіру, педагогтердің мәртебесін көтеру және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту – барлығы балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада сапалы білім алуына бағытталуы тиіс. Осы мақсаттарға жету үшін мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, білім беру жүйесін тиімді басқару және ата-аналармен тығыз ынтымақтастық орнату үштағаны жүзеге асырылуы керек», – деді министр.
Министр облыстық білім басқармасына білім беру ұйымдарындағы менеджмент сапасын күшейтуді, кадрлық әлеуетті арттыруды, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану бойынша тапсырма беріп кеті.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауға жұмыс сапары барысында өңіріндегі білім сапасына көңілі толмай, қатаң сынаған болатын. Аймақта білім сапасын жақсарту үшін бірқатар шаралар қабылданғанымен, жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпейтінін мәлімдеген болатын.