ТМД елдерінде адамдар орта есеппен қай жаста үйленеді

ТМД елдерінде ең ерте некеге тұратындар — Тәжікстан азаматтары, ал ең кеш — Беларусь тұрғындары. Kursiv.media ТМД елдеріндегі азаматтардың қай жаста жиі некеге тұратынын зерттеп көрді.
Кейбір елдерде Ұлттық статистика комитеттері 2024–2025 жылдарға қатысты келін мен күйеу жігіттердің жасы туралы деректерді жарияламаған. Мұндай жағдайларда алдыңғы жылдардың көрсеткіштері негізге алынған.
ТМД елдеріндегі ең жас келіндер — Тәжікстанда. Бұл елде қыздар орта есеппен 22,1 жаста, ал ер азаматтар 26,2 жаста алғаш рет некеге тұрады.
Одан кейінгі орында — Өзбекстан. Мұнда әйелдер 22,3 жаста тұрмысқа шығады, ал ер адамдар 27,1 жаста үйленеді.
Ресейде әйелдердің алғаш рет некеге тұру жасы — 23,2, ерлердікі — 25,4 жас.
Келесі — Қырғызстан. Бұл елде әйелдер орта есеппен 24 жаста, ал ер адамдар 27,9 жаста шаңырақ көтереді.
Әзірбайжанда әйелдер 24,2 жаста, ер адамдар — 28,7 жаста некелеседі.
Қазақстанда ресми мәліметтер бойынша, әйелдер 25,2 жаста тұрмысқа шығады, ал ер азаматтар — 27,9 жаста үйленеді.
Арменияда бұл көрсеткіш — әйелдер үшін 25,6 жас, ерлер үшін — 29,6 жас.
ТМД елдері арасында некеге тұру жасы ең жоғары ел — Беларусь. Бұл елде әйелдер орта есеппен 26,7 жаста, ал ерлер 28,9 жаста отау құрады.
Айта кетейік, Қазақстанда 2024 жылы отау құрған 124 мың жұптың 61 мыңы ажырасып кеткен.