Блогер Дарикорн видеосынан кейін, буллингке ұшыраған баладан кешірім сұрады

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің тілшісі
Блогер Дарикорн видеосынан кейін буллингке ұшыраған баладан кешірім сұрады
Блогер Дарикорн видеосынан кейін буллингке ұшыраған баладан кешірім сұрады/Фото: Видео кадры

«Дарикорн» лақап атымен танымал блогер Дариға Нұркеева рұқсатсыз түсірген видеосынан кейін буллингке ұшыраған баламен, оның анасымен кездесіп, кешірім сұрағанын хабарлады.

Блогер кездесуге жолдасы Дархан Жолшыбековпен бірге барған. Ол да өз кезегінде болған оқиға үшін кешірім сұраған.

«Көбі Рамзанмен арада болған жағдайдан хабардар. Бүгін біз кездесіп, бәрін талқыладық. Тағы да бәрінің алдында кешірім сұрағым келеді. Бұл мен үшін және барлық қазақстандықтар үшін кішкентай баланы ата-анасының рұқсатынсыз түсіруге болмайтынын ұқтырған үлкен сабақ болды. Біз бар жауапкершілікті мойнымызға аламыз»,- деді блогер instagram-дағы сторисінде.

Бұған дейін алматылық келіншек блогер Дариға Нұркееваның кесірінен баласы буллинге ұшырағанын мәлім етіп, блогерден кешірім сұрауын, моральдық өтемақы төлеуін талап еткен.

Келіншектің айтуынша, былтыр тамызда блогер көшеде кетіп бара жатқан балалардан «ең дәмді тамағың қандай» деп сұрап, «пицца» деп жауап берген баланың жауабы айтылған тұсқа субтитрға басқа бейәдеп сөз жазып, оны өзінің дәмханалар желісінің жарнамасы үшін қолданған. Арызданушы келіншек, осыдан кейін баласы ортасында буллингке ұшырағанын айтады. Блогер бастапқыда баланың анасынан кешірім сұрағанын, бірақ өтемақы бермейтінін мәлім еткен. Сөзінше, баланың анасы өтемақы ретінде өзі айтқандай, 500 мың емес, 5 млн теңге сұраған.

Мәселе қоғамда қызу талқы тудырып, алдымен Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті пікір білдірген. Комитет Азаматтық кодекстің 145-бабына сәйкес, кез келген адамның, соның ішінде баланың бейнесін жариялау тек оның заңды өкілінің келісімімен ғана жүзеге асырылуы керектігін ескерткен.

Кейін мәселеге депутат Мұрат Әбенов назар аударып, балаларды заңсыз түсіріп, оны жарнамасына пайдаланған блогерлерге заң бойынша шара қолдану керектігін айтқан. Ол қажет болса, онлайн платформаларға арыз түсіріп, блогерлердің парақшаларын бұғаттап тастау қажет деп санайды.

Сондай-ақ оқыңыз