Жаңалықтар

Иранда жарылыстан қаза тапқандар саны 25-ке жетті. Елде үш күндік аза тұту жарияланды

Иранда жарылыстан қаза тапқандар саны 25-ке жетті, елде үш күндік аза тұту жарияланды
Иранда жарылыстан қаза тапқандар саны 25-ке жетті, елде үш күндік аза тұту жарияланды/Фото: Irna Images

26 сәуір күні Иранның Шахид Раджи портында болған күшті жарылыстан 25 адам қаза тауып, 1139 адам жарақат алды, тағы 6 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл туралы Irna порталы хабарлады.

Әділет министрлігінің Хормозган провинциясындағы қоғаммен байланыс басқармасы хабарлағандай, 10 құрбанның жеке басы анықталған. Оның 8-і ер адам, 2-еуі әйел.

Оқиғадан кейін провинция билігі Хормозганда үш күндік жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады.

Иран Ішкі істер министрі Эскандар Момени Хормозгандағы дағдарысты басқару жиналысында оқыс жағдайға байланысты барлық қажетті шаралар қабылданғанын мәлімдеп, президент Масуд Пезешкян тиісті бұйрық бергенін айтты.

26 сәуір, сенбі күні Иранның оңтүстігіндегі Шахид Раджаи портында күшті жарылыс болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиғаға жанармай сақталған резервуардың өртенуі себеп болуы мүмкін. Жарылыстан жақын маңдағы аудандар қирап, Бандар-Аббас қаласының батыс бөлігіндегі кейбір өнеркәсіп салалары бүлінген. Жарылыстан жан-жаққа ұшқан ғимарат бөліктері аудандағы көптеген көліктерді басып қалған.