
Төтенше жағдай министрлігі құтқарушылар Қарағанды облысында орман өртімен арпалысып жатқанын хабарлады.
Қарқаралы ауданының Айнабұлақ ауылынан 20 шақырым жерде Бақты орманшылығының ашық аумағында құрғақ шөп мен шағын тоғай өртенген.
Қазіргі уақытта ТЖМ үш әуе кемесі 6 рет әуеден су төккен.
«Өртті жоюға жеке құрамның 157 адамы, 26 бірлік техника, бір пилотсыз ұшу аппараты, су төгетін құрылғылары бар ТЖМ Қазавиақұтқару үш әуе кемесі, бір Қазавиақорғау тікұшағы, ЖАО, Бақты орманшылығы, Кува орман шаруашылығы қызметкерлері, Қазавиақорғау десантшылары және ауылдық аймақтардың ерікті өрт сөндіру құралымдары жұмылдырылды» – делінген ақпараттық хабарламада.
ТЖМ мәліметінше, елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.
Бұған дейін, «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында 2025 жылы өрт қаупі жоғары маусым басталғалы бері 5 өрт оқиғасы тіркеліп, жалпы 1040,49 гектар жерді от шарпығаны хабарланған.