Көлік жүрмейтін, адамдар ат арбамен қатынайтын ерекше қала

Әлемнің «автокөлік астанасы» саналатын Детройт қаласы орын тепкен Мичиган штатының Солтүстік жағалауындағы Гурон көлінде мүлде көлік жүрмейтін Макинак арал қалашығы бар. Мұнда автокөлікке 19-ғасырдан бері тыйым салынған.
Макинак аралы бар болғаны 3,8 шаршы шақырым жерді алып жаттыр. Бұл аралда жыл бойы 600 тұрғын өмір сүреді. Олардың әрқайсысы бір-бір ат ұстайды.
Көлікке неге тыйым салынған
Жергілікті аңызға сүйенсек, 1898 жылы бір автокөлік аттарды шошытып, апат туғызған соң, ауыл билігі іштен жанатын қозғалтқыштарға тыйым салған. Бұл тыйым екі жылдан кейін бүкіл аралға таралған. Содан бері арал тұрғындары осы тыныш өмір салтын ұстанып келеді.
Бүгінде аралда 600-ге жуық жылқы қызмет етеді. Олар қыстың қақаған суығында да, жазғы туристер ағылған кезде де қолданылады. Жазда шамамен 1,2 миллион адам Макино-Сити немесе Мичиган штатындағы Сент-Игнас қалаларынан пароммен 20 минутта аралға жетеді. Бұл шағын ауылда қонақтар атақты кәмпиттер сатып алып, 70 мильдік соқпақ жолдарды зерттейді әрі өткен дәуірдің үнін сезінеді.
«Жылқылар бәріне қолданылады: қоқыс шығарудан бастап FedEx жеткізілімдеріне дейін«, – дейді қолөнер дүкенін басқаратын Урвана Трейси Морс
Ол аралға алғаш 1990 жылы студент кезінде келіп, қалп қойған. Бүгінде скримшоу өнері, зергерлік бұйымдар және түрлі қолөнер өнімдерін сатады.
«Біздің өміріміз осындай. Біздің ырғағымыз осындай баяу. Кейбіріміз велосипедпен жүруді, жаяу серуендеуді немесе ат арбасымен жүруді жақсы көреміз» – дейді ол.
Аралдың тарихы мен табиғаты

Ғасырлар бойы жергілікті байырғы халық Гурон мен Мичиган көлдерінің түйіскен жеріндегі осы аралды балық аулау мен аңшылық үшін пайдаланған. Олар аралдың әктас жартастары мен жасыл ормандарын судан шығып келе жатқан үлкен тасбақаға ұқсата отырып, оны «Мичилимакинак» – анишинаабемовин тілінде «Ұлы тасбақа орны» деп атаған.
Шағын өлшеміне қарамастан, Макинак аралы зор әсер қалдырады: оның 80%-ы – мемлекеттік Макинак аралы паркі. Мұнда келушілер ескі орман арасында серуендеп, биік әктас жартастарын көріп, аралдың ең әйгілі нысандарының бірі – 50 футтық табиғи Арка тас көпірін көруге барады.
Аралдың басқа бөліктерінде 8,5 мильдік жағалауды айналып өтетін велосипед және жаяу жүргіншілер жолы бар. Бұл жол арқылы бес мильдік Макинак аспалы көпірін тамашалап, тыныш тасты жағажайлар мен орман алқаптарына жетуге болады.

Аралда 1500 велосипед бар, олар жалға беріледі және тұрғындар мен қонақтардың негізгі көлік құралына айналған. Бұл өздігінен қозғалатын көлік түрі Макинак тұрғындарының елдің қалған бөлігіне қарағанда баяу өмір сүруге бейім екенін көрсетеді.
Көліктерсіз өмір сүру – Морс сияқты адамдардың осында жыл бойы өмір сүруді таңдауының басты себептерінің бірі. Морс велосипедпен жылына тоғыз ай жүреді.
«Таңертең ағаштардың арасымен велосипедпен ауылға түсу маған жаңа күнге күш береді. Сен үнемі адамдармен амандасып, сөйлесесің», – дейді ол.
Жылқылардың орны ерекше
«Жылқыларсыз бұл жер мүлде басқа болар еді. Қайықтан түсіп, ат тұяғының дүбірін естігенде, сен бірден өткен ғасырларға оралғандай боласың», – дейді Хантер Хоаглунд.
Ол 140 жылдан бері аралға паром қызметін көрсететін Arnold Freight компаниясында жұмыс істейді және жыл сайын Мичиганның Жоғарғы түбегінде қыстайтын жылқыларды аралға жеткізумен айналысады.
Қыс мезгілінде аралда 20-30 жылқы қалады. Олар қоқыс жинау, сәлемдемелерді жеткізу сияқты жұмыстарды атқарады.
Макинактың айналасын мөлдір таза су қоршаған, ал қыстың қатты кезінде мұз қатып, аралды материкпен жалғайтын паром қатынасы уақытша тоқтап қалуы мүмкін. Алайда көктем мен жаз келгенде, Макинак қайта жанданады.